Ауыл әкімдерінің сайлауалды уәдесінің орындалуына мониторинг жүргіземіз – министрлік

АСТАНА. KAZINFORM – Халық сайланған ауыл әкімдерінің сайлауалды бағдарламасының орындалуы барысы бақылауға алынады. Толығырақ Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтып берді. 

лауазым иесі
Фото: Kazinform

«Биыл сайланған әкімдердің қызметіне, оның ішінде олардың сайлауалды бағдарламаларын орындау, халықпен есептік кездесулер өткізу, сондай-ақ әлеуметтік желілерде қызметті жариялау бөлігінде мониторинг жүргіземіз. Жыл қорытындысы бойынша тиісті ақпарат Президент Әкімшілігіне жіберіледі. Сондай-ақ бұған дейін өткен сайлау жүйесін жетілдіру қажеттігін көрсетті», - деді Бауыржан Омарбеков Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата отырысында.

Ұлттық экономика министрлігі заң жобаларына келесі өзгерістер мен түзетулерді әзірледі: 

- сайланбалы лауазымдарға кандидаттар ұсыну құқығының заңнамалық деңгейінде талаптарды күшейту;

- бір мезгілде бірнеше сайлау округтерінде Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынуға тыйым салу. Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде бар;

- сайлау заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік мәселелерін реттеу;

- сайлау науқандарын қаржыландыру мәселелерін жетілдіру, сондай-ақ әкімдерді сайлау кезінде сайлау рәсімдерін регламенттеудің өзге де мәселелері;

- сайлау учаскелері құрылуы мүмкін орындар тізбесін кеңейту;

- жергілікті атқарушы органдарды сайлау науқаны кезеңінде сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыруға арналған шығыстарды жоспарлау құзыретін беруге бағытталған.

«Заң жобаларына реттеу саясатының консультативтік құжаты биыл 20 қыркүйекте заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында мақұлданды. Осылайша, заң жобалары заң жобалау жұмыстарының 2025 жылға арналған жоспарының жобасына енгізіліп, қазір мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр», - дейді Бауыржан Омарбеков. 

Соңғы жаңалықтар