Ауыл мен қала тұрғыны жалақысындағы алшақтық 2-3 есе, ал алатын азық-түлігінің бағасы бірдей — Бейсенбаев
АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл мен қала тұрғыны жалақысындағы алшақтық 2-3 есе, ал алатын азық-түлігінің бағасы бірдей. Мұндай пікірді Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев білдірді.

— Елімізде 3,5 млн-ға жуық азамат ең төменгі жалақы алады. Оның 1,5 млн-ға жуығы — ауыл тұрғындары. Шыны керек, ауыл мен қала тұрғындарының табысы арасындағы айырмашылық 2,5-3 есеге дейін барады. Ал ауылдағы еттің, нанның, майдың бағасы қаладағы дәл сондай азық-түліктің бағасымен тепе-тең, — деді Елнұр Бейсенбаев.
Осы орайда да ірі қалалардағы кейбір мемлекеттік мекемелердегі жалақының да мардымсыз екенін жасырмады.
— Бір мысал келтірейін. Қазақстанда ірі 2 архив бар. Бірі — Ұлттық архив. Екіншісі — Алматыдағы Мемлекеттік архив. Ұлттық архивтің атауы ғана ұлттық, мәртебесі жоқ. Үстемақы төленбейді. Тек ұлттық деген атауды бергенімен Үкімет қаулы шығармаған. Жалақылары төмен. Ұлттық архивтегі ең төменгі жалақы 120 мың, ең жоғарысы шамамен 300-350 мың теңге ғана. Бұл — барлығымыздың құжатымыз жиналатын архив. Осы мәселені көтеріп, зерттедік. Бюджеттік ұсыным бердік. Министрлікпен жұмыс істедік. Кеше ғана Үкіметтің бюджеттік өтінімі өтті. Енді шамамен 500-600 млн теңге бөлінеді. Олардың жалақысы 1,75 коэффициентке өседі, — деді Мәжіліс депутаты.
Айта кетелік Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында ел тұрғындары қандай мәселелерді жиі көтеретінін айтты.