«Ауыл» партиясы Құрылтай сайлауына қатысатын 69 кандидатты бекітті

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өткен «Ауыл» партиясының кезектен тыс XXVI съезінде Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын үміткерлердің партиялық тізімі мен сайлауалды бағдарламасы бекітілді.

«Ауыл» партиясы Құрылтай сайлауына қатысатын 69 кандидатты бекітті
Фото: Камила Мүлік/Kazinform

Аталған тізімге барлығы 69 кандидат енгізілді. Олардың 71 пайызы — ерлер, 29 пайызы — әйелдер. Үміткерлердің орташа жасы — 46.

«Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Серік Егізбаевтың айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасы 4 негізгі бөлімнен тұрады. Құжатта Мәжілістегі партия фракциясының атқарған жұмысының нәтижелері мен өңірлерді дамытудың 7 басым бағыты қамтылды. Олардың қатарында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік саясат, білім мен ғылым, экология, сондай-ақ дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау мәселелері бар.

— Елдің әл-ауқаты жоғарыдағы кабинеттерден емес, өңірлерден басталады. Сондықтан біздің басты сайлауалды ұстанымымыз — «Қуатты өңір — қуатты орталық! — деді Серік Егізбаев.

Съезд барысында партияның Саяси кеңесінің жаңа құрамы да бекітілді. Оның құрамы 29 адамнан тұрады.

Кезектен тыс съезге еліміздің барлық 20 өңірінен келген 200 адам қатысты. Олардың қатарында «Ауыл» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, өңірлік филиалдардың конференцияларында таңдалған делегаттар, Саяси кеңес мүшелері, партия ардагерлері, жастар өкілдері және шақырылған қонақтар болды.

Айта кетейік, «Ақ жол» партиясы 63 кандидаттан тұратын партиялық тізімді бекіткенін жазған едік.