«Ауыл» партиясы жаңа Конституция жобасына толық қолдау білдірді

АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық реформа аясында мемлекеттің іргелі қағидаттары нығайтылды. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Жаңа Конституция жобасын талқылау кезінде депутат Ерболат Саурықов мәлім етті. 

Ерболат Саурықов
Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі

— Біздің партия өкілдері бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық алаңдарда түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатқанына қарамастан, партия ішінде жаңа Конституция жобасын қосымша талқылауды қажет деп есептедік. Мәселен, биылғы 2 ақпанда бұл мәселе фракция отырысында, ал кеше барлық өңірлік филиал мен партия активінің қатысуымен өткен партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қаралған. Осы талқылау барысында Конституция жобасы егжей-тегжейлі қаралып, жан-жақты талқыланды. Өткізілген кеңестердің қорытындысы бойынша «Ауыл» партиясы жаңа Конституция жобасына толық әрі бірауыздан қолдау білдірді. Бүгін мен бұл ұстаным мен қолдауды ҚР Парламенті Мәжілісінің назарына ресми түрде жеткізгім келеді, — деді Ерболат Саурықов.

Осы орайда депутат бір жағынан қоғамда таралып жатқан дәйексіз ақпаратқа қатысты түсіндіруді талап ететін, ал екінші жағынан жаңа Конституция жобасында белгіленген стратегиялық бағдарларды көрсететін негізгі мәселеге тоқталды.

— Бірінші мәселе — жерді шетелдіктерге сату туралы жалған ақпарат. Қоғамдық және ақпараттық кеңістікте жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салуды жою туралы ескі әрі қоғам үшін түйткілді тақырып қайта көтерілді. Әлеуметтік желілерде жаңа Конституция жобасынан бұл тыйым «білдіртпей» алынып тасталды деген пікірлер кеңінен таралып жатыр. Бұл ақпараттың жалған әрі шындыққа сай келмейтінін бүкіл жауапкершілігіммен атап өткім келеді. Жерге, жер қойнауына, суға, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне қатысты негізгі тұжырымдар Жаңа Конституция жобасында өзгеріссіз қалған. Сонымен қатар, конституциялық реформа аясында мемлекеттің іргелі қағидаттары әлсіреген жоқ, керісінше нығайтылды. Елдің тұтастығы мен унитарлығына қатысты ережелер Конституцияның ең бастапқы бөлімдерінде айқын көрініс тауып, оларға ерекше құқықтық мән беріліп отыр. Бұл — мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен егемендігіне деген берік ұстанымның белгісі. Жаңа Конституция жобасы Қазақстанның бүкіл аумағы бөлінбейтін, қол сұғылмайтын және мемлекет қорғауындағы біртұтас кеңістік екенін нақтылайды. Мемлекеттің тәуелсіздігі, унитарлығы мен аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар ретінде айқын бекітілген, — деді Ерболат Саурықов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжіліс Жаңа Конституция жобасын талқылайтынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар