«Ауыл» партиясының төрағасы сайлау қорытындысына баға берді
АСТАНА. KAZINFORM — «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов сайлаудың ашық әрі ұйымдасқан түрде өткенін атап өтті.
Ол Президенттің дәйекті саяси бағыты мен ауқымды реформалары еліміздің дамуында жаңа кезеңге жол ашып, азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуының маңызын арттырғанын және қоғаммен ашық диалогты нығайтқанын алға тартты.
Күні бойы партия дауыс беру барысын бақылап, өңірлермен тұрақты байланыста болды.
Қайрат Айтуғановтың айтуынша, сайлау тыныш, ашық әрі ұйымдасқан жағдайда, заңнама талаптарына сәйкес өтті.
Қайрат Айтуғанов «Ауыл» партиясының нәтижесін халықтың сенімі әрі үлкен жауапкершілік деп бағалады.
Сондай-ақ сайлауға қатысқан барша қазақстандықтарға және партияға қолдау білдірген азаматтарға алғысын жеткізді.
— Сіздердің әрбір дауыстарыңыз — бізге бұдан да көп әрі жауапкершілікпен жұмыс істеуге берілген аманат. Сайлау аяқталады. Жұмыс жалғасады, — деді партия төрағасы.
Сайлаудың түпкілікті қорытындысын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы шығарады.
Бұған дейін «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай сайлау қорытындысы бойынша сайлаушыларға үндеу жасады.
Сондай-ақ Respublica партиясы exit poll нәтижелеріне қатысты пікір білдірді.