Ауыл шаруашылығы жерлерінің цифрлық картасы әзірленіп жатыр - Сапаров

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы жерлерінің цифрлық картасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

Рақамли ер харитаси
Коллаж: Kazinform / Freepik

- Бүгінде аграрлық секторды цифрландыруды үш ақпараттық жүйе қамтиды. Біріншісі – Ауыл шаруашылығын субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі саланы субсидиялаудың барлық бағытын қамтиды. Екіншісі — басқарудың ақпараттық жүйесі — ЕАСУ. Ол ветеринариялық және фитосанитариялық құжаттарды беруге арналған. Жыл сайын осы жүйе арқылы 2 миллионнан астам рұқсат құжаты беріледі. Үшіншісі — Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру. Оның негізінде мал шаруашылығында қадағалану қалыптастырылады. Пилоттық режимде зертханалық зерттеулерді цифрландыру, қауіпті ауру ошақтарын тіркеу сияқты ішкі жүйелері жұмыс істеп жатыр, - деді Айдарбек Сапаров.

Мұнан бөлек, министрдің айтуынша, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Мысалы, деректер базаларына жүгіну негізінде ветеринар дәрігердің қатысуынсыз, малды өткізуге арналған анықтамаларды беру қолға алынады. Бұл мемлекеттік қызметті алу уақытын және бұзушылықтар санын едәуір қысқартады. Өсімдік шаруашылығында да қадағалану жүйесі құрылып жатыр. Ол өнімділік және егіс құрылымы жөніндегі деректерді нақты жер учаскелерімен байланыстырады.

- Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында өсімдік шаруашылығындағы қадағаланудың негізіне жер ресурстарының цифрлық карталары кіретін болады. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы жерлерінің цифрлық картасы әзірленіп жатыр. Оған жер кадастрының деректері, геоботаникалық және агрохимиялық зерттеулердің нәтижелері және өзге де қабаттар енгізілуі қажет. Нәтижесінде барлық жер ресурсы жөніндегі мәліметтерді қамтитын бірыңғай карта қалыптасады. Осы деректер негізінде жасанды интеллектті пайдалану арқылы басқарушылық шешімдерді қабылдау сапасын арттыру мүмкін болады, - деді ол.

Айта кетейік, биыл болжам бойынша 24 млн тонна астық бастырылады.

Соңғы жаңалықтар