16:26, 12 Қараша 2025 | GMT +5
Ауыр атлет Артем Антропов Ислам ынтымақтастығы ойындарында қола жүлде алды
АСТАНА. KAZINFORM – Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының өкілі Артем Антропов Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында қола медальға ие болды.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, 110 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз серпе көтеруде үшінші нәтиже көрсетті.
Ең үздік мүмкіндігінде ол 223 келіні еңсерді. Бұл жаттығуда өзбекстандық Акбар Джураев (227 келі) топ жарса, ирандық Алиреза Насири (224 келі) екінші орын алды.
Айта кетейік, жұлқа көтеруде Артем жетінші орынға ие болса, қоссайыстың қорытындысы бойынша бесінші орынға тұрақтады.
Бұған дейін каратэден Қазақстан құрамасының өкілі Никита Тарнакиннің Ислам ынтымақтастығы ойындарында алтын жүлде алғанын жазған едік.