Ауланған иесіз иттерді ұстау мерзімі өзгереді — заң жобасы
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілістің жалпы отырысында жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасын талқылау кезінде депутат Еділ Жаңбыршин ауланған иттерді күтіп ұстау мерзіміне қатысты түсінік берді.
— Ауланған жануарларды ұстау мерзімі енгізіледі. Бастапқыда бұралқы жануарларға 15 күн мерзім ұсынылған болатын. Алайда заң жобасын талқылау барысында икемдірек әрі өмірге жақын шешім қабылданды, яғни ең төменгі уақытша ұстау мерзімі — кемінде 5 күн, сонымен бірге мәслихаттарға бұл мерзімді ұзарту құқығы беріледі. Ал иесі болуы мүмкін қараусыз жануарларға 60 күндік мерзім көзделіп отыр.
Мұнда бір нәрсені өте анық айту керек. Заң жобасына қатысты кейбір ортада «бұл барлық ауланған жануарды міндетті түрде өлтіруге әкеледі» деген эмоциялық пікір таратылып жатыр. Бұл — шындыққа сәйкес келмейді. Біз қатыгездікті ұсынған жоқпыз. Біз ұсынып отырғанымыз: тәртіп, бақылау, жауапкершілік және азаматтарды қорғаудың нақты тетігі. Егер мәслихаттар ұзағырақ мерзім белгілесе, мұндай жануарлар: ұзақ уақыт ұсталуы мүмкін, жаңа иелеріне берілуі мүмкін, панажайларда күтілуі мүмкін, ал мүмкіндік болса — табиғи өліміне дейін де ұсталуы мүмкін, — деді Еділ Жаңбыршин.
Сонымен бірге оларды жаңа иелеріне беру мына міндетті шарттар сақталған жағдайда жүзеге асады:
— сәйкестендіру,
— есепке қою,
— вакцинация,
— тиісті күтіп-ұстау.
— Заң жобасы «жазалау моделін» емес, жауапты және байыпты модельді ұсынып отыр, — деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, соңғы бір жылдың ішінде елде 41 366 адамды ит қапқан.