Australian Open: Данилина жарыстың 1-ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 14-ракеткасы Анна Данилина Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына өтті.
Қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге ширек финалда жарыстың 1-ракеткалары, чехиялық Катержина Синякова – америкалық Тэйлор Таунсендке қарсы келді.
Қазақстандық-сербиялық жұп матчты қарқынды бастады – 6:2.
Екінші сетте чехиялық-америкалық дуэт есе қайырды – 6:3.
Үшінші, шешуші партияда Данилина – Крунич бет қаратпады – 6:0.
Бір сағат 38 минутқа созылған бәсекеде Анна – Александра 1 эйспен бірге 6 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ. Синякова – Таунсенд 2 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алмады.
Анна Данилина – Александра Крунич финалға шығу үшін доданың 5-ракеткалары, канадалық Габриэла Дабровски – бразилиялық Луиза Стефанимен таласады. Бұл жұп ширек финалда аталмыш чемпионатта 3-ракетка болып тіркелген тайбэйлік Се Шувэй – латвиялық Елена Остапенконы қапы қалдырды – 6:1, 7:6 (7:5).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Рыбакинаның әлемнің 2-ракеткасын ұтып, жартылай финалға өткенін жазған едік.
Сондай-ақ Заңғар Нұрланұлы алғаш рет ширек финалға шықты.