Australian Open: Елена Рыбакина әлемнің екінші ракеткасын жеңе ала ма
АСТАНА. KAZINFORM – Мельбурнда Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Польша өкілі Ига Швентекпен ширек финалдық кездесуін өткізеді.
Теннис әлемінің назарын аударып отырған матч 28 қаңтар күні Қазақстан уақытымен сағат 05.30-ға белгіленген.
Бұл қос спортшының өзара 12-інші бәсекесі болмақ. Әзірге есеп – 6:5, әлемнің бұрынғы бірінші, қазіргі екінші ракеткасы И.Швентектің пайдасында. Дегенмен Мельбурн кортында 2023 жылы төртінші айналымда Рыбакина Швентекті 6:4, 6:4 есебімен жеңген. Сол жылы қазақстандық теннисші финалға дейін жеткен.
The Tennis Letter әлемдік басылымы бұл ойынды назардан тыс қалдырған жоқ.
– Елена Рыбакина мен Ига Швентек Аустралия ашық чемпионатының ширек финалында кездеседі. Бұл тартысқа толы тайталас болмақ. Ига өзара кездесулерде 6:5 есебімен алда келеді. Ол кейінгі 5 матчтың төртеуінде жеңген. Бірақ Елена өткен жылы Эр-Риядтағы WTA қорытынды турнирінде үздік шыққан. Сонымен қатар ол Аустралия ашық чемпионатындағы жалғыз кездесуде басым түскен. Әйелдер теннисіндегі үздік ойындардың бірінде кім жеңеді? - деп жазады басылым.
Мамандар Ига Швентектің ширақ та жылдам қимылдайтынына назар аударса, Елена Рыбакинаның доп беруде алдына жан салмайтынын атап өтеді. Аустралия ашық чемпионатында жекелей сында Қазақстаннан Елена Рыбакина ғана қалды.
Бүгін әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко мен рейтингіде 12-орындағы украиналық Элина Свитолина қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңіп, жартылай финалға шықты.
Е.Рыбакина — И.Швентек жұбының жеңімпазы жартылай финалда қос америкалық Джессика Пегула – Аманда Анисимованың қай жеңгенімен кездеседі.
Жұптық сында Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге ертең таңмен жарыстың 1-ракеткалары, чехиялық Катержина Синякова – америкалық Тэйлор Таунсендпен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
А.Данилина америкалық Джеймс Трейсимен бірге аралас жұпта бүгін ширек финалда бразилиялық Луиза Стефани — сальвадорлық Марсело Аревалодан өте алмады – 6:2, 4:6, 7:10.
Жасөспірімдер арасында 17 жастағы Дамир Жалғасбай осы жарыстың 10-ракеткасы, аустриялық Тило Берманға жол берді – 3:6, 6:7 (3:7).
Жасөспірімдер арасында әлемнің 12-інші, чемпионаттың 8-ракеткасы, 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы да ертең аса маңызды кездесуін өткізеді. Ол доданың 9-ракеткасы, ресейлік Савва Рыбкинді жеңсе, ширек финалға шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Заңғар Нұрланұлының үшінші айналымға жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ Елена Рыбакина өткен жылғы көрсеткішін жақсартты.