Australian Open: Елена Рыбакина төртінші айналымға жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының төртінші айналымына шықты. 

Елена Рыбакина
Фото: ktf.kz

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 54-ракеткасы, 18 жастағы чехиялық Тереза Валентовамен бетпе-бет келді.

Елена Рыбакина өткен жылы АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымында чехиялық жас спортшыны 6:3, 7:6 (9:7) есебімен ұтқан еді. 

Бұл жолы Валентова матчты брейкпен бастағанымен, Рыбакина есесін жібермеді — 6:2.

Екінші сетте Елена 5:3 есебімен алға кетті. Сосын матчқа доп бергенде, мүлт кеткен жоқ — 6:3.

Бір сағат 23 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 4 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Валентова 4 эйс, 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 21-ракеткасы, бельгиялық Элисе Мертенспен таласады. Ол үшінші айналымда рейтингіде 126-орындағы чехиялық, 19 жастағы Никола Бартунькованы жеңді — 6:0, 6:4.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Александр Бубликтің тарихи нәтижеге қол жеткізгенін жазған едік.

Сондай-ақ Заңғар Нұрланұлы алғашқы матчында жеңіске жетті.

Соңғы жаңалықтар