Australian Open: Новак Джокович жартылай финалдық кездесуін аяқтай алмады

АСТАНА. KAZINFORM – «Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы, әлемнің 7-ракеткасы, 37 жастағы сербиялық Новак Джокович Аустралия ашық чемпионатының финалына шыға алмады. 

Australian Open: Новак Джокович жартылай финалдық кездесуін аяқтай алмады
Фото: championat.com

Осыған дейін Аустралия біріншілігінде 10 рет үздік шыққан сербиялық спортшы бұл жолы жартылай финалда әлемнің 2-ракеткасы, германиялық Александр Зверевпен кездесті.

Бірінші сет 7:6 (7:5) есебімен А.Зверевтің пайдасына аяқталғаннан кейін Н.Джокович жарақатына байланысты матчты жалғастырудан бас тартты.

- Бұлшық еттің жыртылуынан осындай күйге тап болдым. Бір сағат қалғанға дейін емделдім, физиотерапевтің көмегіне жүгіндім. Мұның септігі болды. Бірақ бірінші сеттің соңына таман ауру күшейе түсті. Сондықтан тоқтатуға мәжбүр болдым, - деді Джокович.

Көрермендер ысқырып, шығарып салған сербиялық теннисші Аустралия ашық чемпионатында соңғы рет ойнауы мүмкін екенін де айтты. 

- Бәрі маусымның қалай өтетініне байланысты, - деді даңқты теннисші. 

Аустралия біріншілігінде 2008, 2011, 2012, 2013, 2015, 2016, 2019, 2020, 2021, 2023 жылдары үздік шыққан Новак осымен екінші рет бәсекені жалғастырудан бас тартып отыр. Ол 2009 жылы ширек финалда дәл осылай америкалық Энди Роддикке (7:6 (7:3), 4:6, 2:6, 1:2) жол берген еді.

Новак Джокович 2022 жылы нағыз бабында болған кезінде тағы бір мәрте топ жарар ма еді, кім білген. Алайда ұйымдастырушылар сербиялық теннисші коронавирусқа қарсы екпе салдырмағандықтан, жарысқа қоспады. Бұл да талай пікірге азық болды.

Ал спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің финалына шыққан А.Зверев чемпиондық атақ үшін әлемнің 1-ракеткасы, Италия өкілі Янник Синнер немесе рейтингіде 20-орындағы америкалық Бен Шелтонның қай жеңгенімен таласады.

Жүлде қоры 59,7 млн АҚШ долларына бағаланған Аустралия чемпионаты 26 қаңтарда мәресіне жетеді.

Өткен жылы финалда ресейлік Даниил Медведевті жеңген Я.Синнер кубокты жоғары көтерген еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Португалиядағы жарыста Попконы жеңген Жұқаевтың ширек финалға өткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Рыбакинаны жеңген теннисші Аустралия чемпионатының финалына шықты.

Соңғы жаңалықтар