Португалиядағы жарыста Попконы ұтқан Жұқаев ширек финалға өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 244-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Оэйраш (Португалия) челленджер турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Бейбіт Жұқаев Аустралия ашық чемпионатын жеңіспен бастады
Фото: bassport.kz

Бейбіттің екінші айналымда отандасы, әлемнің 197-ракеткасы Дмитрий Попкомен жолы түйісті. 

Б.Жұқаев Д.Попконы 6:3, 7:6 (7:3) есебімен ұтты.

Бір сағат 36 минутқа созылған бәсеке барысында Бейбіт 12 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Дмитрий 5 эйс, 1 брейкпен шектелді.

Қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 231-орынға көтеріліп тұрған Бейбіт Жұқаев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 149-ракеткасы, жапониялық Ясутака Утияма немесе рейтингіде 235-сатыдағы эстониялық Марк Лайальдың біреуімен таласады.

Осы жарыста рейтингіде 249-орындағы Денис Евсеев тартысты матчта әлемнің 209-ракеткасы, франциялық Валентин Ройеге жол беріп, ширек финалдан тыс қалды – 2:6, 6:2, 4:6.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 110-ракеткасы Михаил Кукушкин Кемпер (Франция) челленджер додасының екінші айналымында рейтингіде 183-сатыдағы корт иесі Титуан Дрогеге жол берді – 3:6, 3:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаны жеңген теннисшінің Аустралия чемпионатының финалына шыққанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар