Australian Open: Юлия Путинцева камбэкпен келесі айналымға өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 23-ракеткасы Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 41-орында тұрған армениялық Элина Аванесянмен өткізді.
Бірінші партияда армениялық теннисші сәттірек ойнады – 6:4.
Екінші сетте Путинцева брейкпен алға кетті – 2:0. Бірақ сетке доп бергенде, Аванесян таразы басын теңестірді – 5:5. Дегенмен Юлия тағы бір брейк жасап, дегеніне жетті – 7:5.
Үшінші, шешуші партияны да Путинцева брейкпен бастады – 2:0. Сосын тағы бір брейкпен есепті 5:2-ге жеткізді. Содан кейін матчқа доп бергенде, есесін жіберген жоқ – 6:2.
Екі сағат 8 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандық теннисші 1 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың тең жартысын өз пайдасына жазды. Аванесян 1 эйс, 4 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алмады.
Юлия Путинцева үшінші айналымға шығу үшін рейтингіде 204-сатыдағы қытайлық Чжан Шуаймен шеберлік таластырады. Ол әлемнің 47-ракеткасы, америкалық Маккартни Кесслерді қапы қалдырды – 6:3, 6:4.
Өткен жылы Ю.Путинцева алғашқы айналымнан аса алмаған еді. Қазіргі кезде ол WTA Live рейтингісінде 21-орынға көтеріліп тұр. Бұл да өзі үшін рекордтық нәтиже болмақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Александр Бубликтің жарыс жолынан шығып қалғанын жазған болатынбыз.
Елена Рыбакина 16 жастағы теннисшіні жеңіп, екінші айналымға шықты.