Australian Open: Елена Рыбакина 16 жастағы теннисшіні жеңіп, екінші айналымға шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты.

Елена Рыбакина бастаған Қазақстан құрамасы плей-офф кезеңіне шықты
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 293-орында тұрған 16 жастағы аустралиялық Эмерсон Джонспен шеберлік байқасты.

Бұл жасөспірімдер арасында ITF рейтингісінде бірінші орында тұрған Э.Джонстың «Үлкен дулыға» турниріне алғаш қатысуы еді.

Еленаға бастапқы сетті аяқтауға 26 минут уақыты кетті – 6:1.

Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте қарсыласының қателігін пайдаланған Рыбакина брейкке қол жеткізді. Матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:1.

Небәрі 54 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 11 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Джонс эйс те, брейк те жасай алған жоқ. 

Елена Рыбакина үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 191-ракеткасы, 17 жастағы америкалық Ива Йовичпен таласады. 

Айтулы додаға Э.Джонс секілді арнайы шақырту алған И.Йович рейтингіде 99-сатыдағы испаниялық, 33 жастағы Нурия Парризас-Диасты айқын басымдылықпен ұтты – 6:2, 6:1. 

Е.Рыбакина 2023 жылы Аустралия ашық чемпионатында финалға дейін жетсе, өткен маусымда екінші айналымда жеңіліп қалған еді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Александр Бубликтің жарыс жолынан шығып қалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар