Australian Open: Юлия Путинцева қарсыласын айқын басымдылықпен ұтты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 94-ракеткасы Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты.

Путинцева
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 60-ракеткасы, франциялық Эльза Жакемомен ойнады.

Бірінші партияда Путинцева айқын басымдылық көрсетті – 6:1.

Екінші сетте де сол қарқынынан танған жоқ – 6:2.

Бір сағат 14 минутқа созылған бәсекеде Путинцева 6 брейк-пойнттың бесеуін мүлтіксіз пайдаланды. Жакемо 1 эйс, 1 брейкпен (7 брейк-пойнт) шектелді.

Юлия Путинцева төртінші айналымға өту үшін әлемдік рейтингіде 112-де тұрған түркиялық Зейнеп Сонмезбен таласады. Ол бастапқы кездесуінде сенсация жасап, әлемнің 11-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александрованы 7:5, 4:6, 6:4 есебімен ұтты. З.Сонмез «Үлкен дулыға» турнирінде қарсыласын жеңген алғашқы түркиялық теннисші атанды. Зейнеп бүгін әлемнің 74-ракеткасы, мажарстандық Анна Бондарьды қапы қалдырды – 6:2, 6:4.

Юлия Путинцева өткен жылы үшінші айналымға дейін жеткен еді.

Бұдан бұрын Елена Рыбакинаның бастапқы кездесуін жеңіспен аяқтағанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар