Аустралияда қолтырауындар мекендейтін өзенде Олимпиада жарыстары өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Аустралияның Квинсленд штатындағы Фицрой өзені Брисбенде өтетін 2032 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындары кезінде академиялық есу, байдарка және каноэ жарыстарын өткізуге бекітілді, деп хабарлайды BBC.

қолтырауын
Фото: pixabay.com

Нысанды бекіту алдында оның халықаралық жарыстар талаптарына сәйкестігіне тәуелсіз техникалық бағалау жүргізілген.

Ойындардың тәуелсіз инфрақұрылым және үйлестіру басқармасының мәліметінше, Фицрой өзеніндегі кешен қазірдің өзінде есу жаттығулары мен жарыстарын өткізу үшін пайдаланылады. Сонымен қатар өзенде қолтырауындар анықталған жағдайда арнайы қауіпсіздік хаттамалары әзірленген.

«Брисбен-2032» ұйымдастыру комитетінің президенті Эндрю Ливерис бұған дейін қолтырауындардан төнетін қауіпті асыра бағаламауға шақырған.

– Мұхитта акулалар бар, бірақ біз соған қарамастан серфингпен айналысамыз. Біз не істей алмайтынымызды емес, не істей алатынымызды ойлауымыз керек. Ойлау тәсіліңізді өзгертіңіз, – деді ол.

Фицрой өзені теңіз қолтырауындарының мекені саналады. Аустралияда оларды salties деп атайды. Бұл бауырымен жорғалаушылар тұзды суда да, тұщы суда да тіршілік ете алады және ұзындығы алты метрден асады.

Фицрой өзеніндегі теңіз қолтырауындарының жалпы саны шамамен 500 деп бағаланады.

Айта кетейік, 2032 жылғы жазғы Олимпиада ойындары Аустралиядағы Брисбен қаласында өткізілетін болып бекітілді.