Аустрияда 14 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынбақ
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа заң жобасы маусым айына дейін әзірленеді. Бұл туралы цифрландыру мәселелеріне жауапты мемлекеттік хатшы Александр Прелль мәлімдеді, деп хабарлайды DW.
AFP агенттігінің хабарлауынша, шешім үш партиядан тұратын билеуші коалиция ішіндегі ұзақ келіссөзден кейін қабылданған.
Вице-канцлер Андреас Баблер баспасөз конференциясында ата-аналардың балалары әлеуметтік желілерде қандай контент көретінін бақылау «мүмкін емес» екенін, ал платформалар тәуелділік тудыратынын айтты.
Сонымен қатар, Венадағы үкімет мектептерде «Медиа және демократия» атты жаңа міндетті пән енгізуді жоспарлап отыр. Оның мақсаты — оқушыларға ақпарат ағынында шындық пен жалғанды ажыратуға көмектесу, сондай-ақ антидемократиялық ықпал ету әрекеттерін тануға үйрету.
Әлеуметтік желілерге жасөспірімдердің қолжетімділігін шектеуді Франция, Испания және Дания билігі де қарастырып жатыр. Германияда бұл бастаманы билеуші коалиция құрамындағы Социал-демократиялық партия мен ел канцлері Фридрих Мерц қолдаған.