Аустриядағы Қазақстан азаматтарын реадмиссиялау тәртібі айқындалды — заң

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Аустрия Үкіметі арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды. 

Мәжіліс
Фото: Мәжіліс

Аталған келісімге 2025 жылғы 28 ақпанда Астанада қол қойылды. Құжаттың негізгі мақсаты — ұлттық заңнама талаптарын бұза отырып, мемлекеттер аумағында жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негізін құру.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, келісім ел аумағында болу шарттарын бұзған немесе заңсыз кірген адамдарды өз еліне қайтаруды көздейді. Сонымен қатар қиын жағдайға тап болған, яғни құжаттарын жағалтқан адамдарға да қолданылады. Реадмиссия бойынша қайтарылған азаматтарға әкімшілік айыппұл немесе мемлекеттен шығару сияқты санкцияларды қолданбайды. Қазіргі кезде реадмиссия институты 21 елмен белсенді түрде жүзеге асырылып келеді.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметіне қарағанда, келісімде заңсыз көшіп-қонушыларды және тараптардың бірінің аумағында болу немесе тұру шарттарын бұзған адамдарды қандай мерзімде қайтаратыны туралы нақты қағидалар белгіленеді. Келісімде екі елдің азаматтарын ғана емес, сондай-ақ үшінші елдердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау, беру және транзиттеу рәсімдерінде бірлесіп әрекет ету тәртібі айқындалады.

Айта кетейік, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Франция арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы заңға қол қойды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум