Ауыл әкімдерінің қызметін ширатпаса болмайды - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 12 қараша. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Соңғы жылдары Қызылорда облысында биліктің жергілікті жерлердегі өкілдері - ауыл әкімдерінің өздерінің қарауларындағы округ халқына дұрыс басшылық жасамақ тұрмақ, өз бастарын алып та жүре алмаған деректері жиі орын алып жүр.

Ауыл әкімдерінің қызметін ширатпаса болмайды - Қызылорда облысы

Бұған олардың арасында қылмысқа ұрынып, сот үкімімен бас бостандықтарынан айырылып жатқандардың ұшырасып қалып жатқандары нақтылы дәлел. Кеше облыстық әкімдікте өткен жергілікті әкімдердің қызметтін ұйымдастыру мен оның құзыреті турасындағы дөңгелек үстел жиынына осы жәйттердің де себеп болғаны анық.

Жиынды облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Жанболат Бақанов жүргізіп, барлық деңгейдегі билік өкілдерінің басты міндеттері тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы шараларды ұтымды ұйымдастыра білу екенін атап көрсетті. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша басқарма бастығы - Тәртіптік кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев мемлекеттік қызметкерлерді құқықтық оқыту ісі жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын айтып, түрлі құрылымдардағы заңдылық талаптың орындалуы қатаң бақылауда болатынын білдірді. Ал облыстық ішкі істер департаментінің басқарма бастығы Шархан Бихожаев кейбір елді мекендерде мал ұрлығының азаймай тұрғанына назар аударды.