«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» жобасы бойынша 100-ден астам адам шетелде оқып қайтты
Бұл туралы бейсенбі, желтоқсанның 3-інде Астанада «Шетелдік тәжірибелерді сынақтан өткізу және қолданысқа енгізу: мүмкіндіктер мен тәжірибелер» деген тақырыпта өткен семинарда «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» жобасының Үйлестіру орталығының жетекшісі Аюп Ысқақов хабарлады.
«Жоба аясында 111 маман Ресей, Беларус, АҚШ, Германия, Голландия, Таиланд, Словакия, Англия елдерінде оқып және тәжірибеден өтіп келді. Олардың қатарында ғылыми-зерттеу зертханаларының 30 маманы, 35 жас ғалым, ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындары мен колледждерінің 40 оқытушысы бар», деді А.Ысқақов.
Жоба аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау саласында жұмыс істейтін зертханаларды жаңарту жайы да қарастырылған. Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің қарсаңында өте маңызды мәселе, деп атап көрсетті ол.
«Жобаны жүзеге асыру жалғаса бермек, біз оған үлкен маңыз беріп отырмыз, себебі бөлінетін қаржыны тиімді пайдаланусыз адами ресурсты дамыту мүмкін емес», дейді А.Ысқақов.
Жобаны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Дүниежүзілік банкімен бірлесіп жүзеге асыруда.