Ауыл тұрғыны «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының нәтижелерін медициналық көмек сапасының артуы арқылы сезінуі тиіс - С.Қайырбекова

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Қызылорда облысына сапары барысында ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру міндетін қойды, деп хабарлайды ҚР ДСМ баспасөз қызметінен.
None
None

Салидат Қайырбекова алдымен Жаңақорған орталық аудандық ауруханасына және Шиелі кентіндегі аудандық емханаға барып, жұмысымен танысты.

Медицина қызметкерлерімен және емделушілермен әңгіме барысында Министр «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Елбасы Жолдауында медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытуға басымдық берілгенін атап көрсетті.

Осыған орай Министр аталған бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп, ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру қажеттігіне баса назар аударды.

«Ауылдың әрбір тұрғыны «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының нәтижелерін медициналық көмек сапасының артуы арқылы сезінуі тиіс», - деді Салидат Қайырбекова.

Мекеме басшысы сондай-ақ, ауылдық жерлерде мамандардың жетіспеушілігі мәселесін шешу жайына тоқталды. Республикада бүгінгі таңда аталған мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Министрлік оқуын бітірген түлектерді, оның ішінде ауылдық квотамен білім алған жас мамандарды өңірлерге бөліп, олардың белгіленген жерлерге жетуін тұрақты негізде қадағалап отыр. Ал жергілікті атқарушы органдар сол жерлерде мамандарды тұрақтандырып қалу үшін барлық жағдайлар жасауы керек. Яғни, министрлік жіберген жас дәрігерлерді баспанамен, жеңілдетілген несиемен, көтермеақымен қамтамасыз етіп, әлеуметтік қолдау көрсетуі тиіс.

Бүгін Министрдің облысқа жұмыс сапары жалғасып, Қызылорда қаласында тағы бірқатар емдеу мекемелерін аралап, өңір басшысы Қ.Көшербаевтың төрағалығымен «Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының 2013 жылғы жұмыс қорытындылары және 2014 жылға міндеттері» тақырыбында өтетін кеңейтілген жиынға қатысады.

Соңғы жаңалықтар