«Аузыңды жап, сені де өлтіреміз»: Шерзаттың анасы оқиғаның мән-жайын айтты
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Сот отырысы барысында Шерзаттың анасы Гүлбара Бейшембиева жәбірленуші ретінде қайғылы оқиғанын қалай болғанын еске алды.
Оның айтуынша, күйеуінен келіп түскен қоңыраудан кейін Нұрқанат Ғайыпбаев көлікке мініп, «Қамажай» дүкеніне аттанған. Одан кейін жәбірленушінің өзі енесімен бірге таксиге мініп, сол жаққа барған.
— Дүкен алдында 10-15 шақты адамды көрдім. Олардың арасында қыздарды да көрдім. Келе салғанда біреу «делайте» деді. Сосын бұлар жабылып кетеді. Әжесі жүгіріп барып, «балаларым қойыңдар» деп жатқанда Абзал қолынан жұлқып жіберді. Сосын мен Шерзатқа жүгіргенде Абзал мен Нұрбол қолымнан ұстап алды. Мен оларға «балама тимеңдерші, анасымын» деп өтінемін. Сол кезде Абзал маған «аузыңды жап, сені де өлтіреміз» деді, — деп еске алды ол.
Гүлбара Бейшембиева сөзінше, осы сәтте ол дүкен жақта тұрған қыздардан жедел жәрдем, полиция шақыруды өтінген. Алайда олар ешқалай іс-әрекет етпеген. Сондай-ақ осы сәтте жасөспірімнің анасы Қаржаубай Нұрымовты сотталушылардың бірі бөтелкемен ұрғанын көрген.
— Сол кезде 7-8 адам Нұрқанат пен Шерзатқа жабылып жатады. Сосын Шерзат артқа шегініп, құлайды. Сонда баламның аузынан бұрқ етіп қан аққанын көріп, оған жүгіріп барамын. Ол «мама мына жағымды қараңызшы» дейді. Сол кезде пышақ салғанын көрдім. Олар Нұрқанатты ұрып жатқанда Нұрқиястың қолында мылтық болды. Нұрқанатты ұрып болғаннан кейін баламның ауыр халде жатқанына қарамастан бізге қарай бет алды. Сосын Нұрқияс Шерзаттың басынан ұрмақшы болғанда оң қолыммен тосып, ол қолыма тиеді. Шерзатты желке тұсынан 3-4 рет ұрады. Артымда Нұрқияс «тыныш тұр, сені де өлтірем» деп мылтықпен қорқытады. Сонда үйден адамдар шығып қалады да, бұлар қашады, — деді Гүлбара Бейшембиева.
Еске салайық, бұған дейін сотта Шерзат өлімінің негізгі себебі аталды.
Сондай-ақ Нұрқанат Ғайыпбаевтың жанжал барысында қандай жарақат алғаны айтылды.
Прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.
Биыл ақпан айында Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған.