Австралия қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестина мемлекетін мойындайды
АСТАНА. KAZINFORM — Канберраның бұл шешімі екі апта бұрын мұндай қадам жасамайтынын айтқан үкімет саясатының күрт өзгеруі болды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Австралия премьер-министрі Энтони Албаниз дүйсенбі күні елдің қыркүйекте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын мәлімдеді.
Үкімет басшысының айтуынша, бұл шешім Канберра Палестина әкімшілігінен алған міндеттемелерге негізделген. Олардың қатарында — болашақ үкімет құрамынан ХАМАС-ты шығару, Газа секторын қарусыздандыру және 2006 жылдан бері өтпеген сайлауды ұйымдастыру бар.
Statement on the recognition of the State of Palestine. pic.twitter.com/Mg0Ec8buo1
— Anthony Albanese (@AlboMP) August 11, 2025
— Австралия палестиналық халықтың өз мемлекетіне құқығын мойындайды және бұл құқықты шындыққа айналдыру үшін халықаралық қауымдастықпен жұмыс істейді, — деді Албаниз.
Ол бұл қадамды «екі мемлекет» шешімін ілгерілетуге бағытталған үйлестірілген жаһандық күш-жігердің бір бөлігі деп атады.
Премьер-министрдің сөзінше, Палестина әкімшілігі сондай-ақ Израильдің бейбітшілік пен қауіпсіздік жағдайында өмір сүру құқығын мойындауға, ауқымды реформалар жүргізуге және терроризм айыбымен сотталғандарға, сондай-ақ шабуыл жасағандар қаза тапқан жағдайда олардың отбасына берілетін төлем жүйесін жоюға міндеттенді.
Албаниз соңғы екі аптада бұл мәселені Ұлыбритания, Франция, Жаңа Зеландия, Жапония көшбасшыларымен, сондай-ақ Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху және Палестина басшысы Махмуд Аббаспен талқылағанын айтты.
— Бізге әскери емес, саяси шешім қажет, — деп атап өтті ол.
Израиль Австралия бастамасын қатаң сынға алды. Нетаньяху мұны «масқара» және «көңіл қалдыратын» қадам деп атап, оны «терроризмді марапаттау» деп бағалады. Израильдің Австралиядағы елшісі Амир Маймон, The Times of Israel хабарлауынша, мұндай мойындау «Израильдің қауіпсіздігін әлсіретіп, бейбітшілік перспективасына нұқсан келтіреді» деді.
Бұдан көп ұзамай Жаңа Зеландияның сыртқы істер министрі Уинстон Питерс өз елінің Палестина мемлекеттігін мойындауы «мүмкіндік емес, уақыт мәселесі» екенін айтты.
Бұған дейін Ұлыбритания, Франция және Канада 2025 жылғы қыркүйекте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысында Палестинаны мойындау жоспарын жариялаған болатын.