Автокөліктерге сұраныстың артуы тұтынушылық белсенділіктің өсуін көрсетеді - Тимур Сүлейменов
АСТАНА. KAZINFORM - Автокөліктерге сұраныстың артуы тұтынушылық белсенділіктің өсуін көрсетеді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

- Тұтынушылық белсенділік ұлғайып келеді. Биылғы сәуірден бастап біз бөлшек сауда айналымының кеңейгенін байқап отырмыз. Алдыңғы айларда белгілі бір тұрақтанудан кейін ол шілде айында жылдық 6,6 пайызды құрады. Ірі заттарды сатып алуға, мысалы, автокөліктерге сұраныстың артуы тұтынушылық белсенділіктің өсуін көрсетеді. Оған жеңілдік беретін көптеген бағдарламалары бар дилерлердің ұсынысы ықпал етті. Тұрғын үй сатып алуға байланысты мәмілелер сегментінде де жоғары белсенділік байқалады, - деді ол.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, халықтың нақты табысының қысқаруынан, нақты жалақының өспеуінен жаппай тұтынушылық кредиттеуге сұраныс өсіп келеді. Бөліп төлеу, маркетингтік акциялар мен жоғары инфляциялық күтулер де соған себеп болып отыр.
- Инвестициялық белсенділік жоғары болып, биыл қаңтар-шілдеде 16,1 пайызға өсті. Бұл өсім мемлекеттік және жеке инвестициялардың жандануынан болды. Сонымен қатар жыл басынан бері жалпы инвестициялар құрамындағы бюджеттік қаражаттың үлесі артқанын байқап отырмыз. Ол 22,4 пайызды құрап, өткен жылдың көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары болды, - деді ҰБ төрағасы.
Бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да 16,5 пайыз деңгейінде қалдырғанын жазған едік.