Автожууда көлігіңізге зақым келсе, мекеме келтірілген шығынды өтеуге міндетті ме
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Автожуудың немесе техникалық қызмет көрсету орталығының қызметкері көлігіңізге зақым келтірсе, өз құқығыңызды қалай қорғай аласыз? Kazinform тілшісі бұл сұрақтың жауабын біліп көрді.
Техника болған соң кез-келген автокөлік ара-тұра жөндеуді қажет етеді. Сол кезде техникалық қызмет көрсету орталықтарына барып, көлігіңізді сеніп тапсырасыз. Темір тұлпарыңыз кірлеп кетсе онда автожууға жүгінесіз.
Алайда ТҚКО немесе автожуу қызметкерлері арасында көлікке абайсызда зақым келтіріп алып жататындар болады. Осындай кезде не істеу керек? Бұл сұраққа Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Андрей Троеглазов жауап берді.
Белгілі болғандай, егер автосервисте көлігіңізге зақым келсе, ең алдымен осы фактіні тіркеп алу қажет. Сервис қызметкерлерінен болған жағдай туралы акт немесе жазбаша түсініктеме беруді талап етіңіз. Сондай-ақ көліктің зақымданған жерлерін өзіңіз фото және видеоға түсіріп алғаныңыз дұрыс. Бұл материалдар зақымның қызмет көрсету барысында келтірілгенін дәлелдейтін айғақ ретінде қолданылады.
Осыдан кейін автосервис басшылығына жазбаша талап-арызбен жүгінуге болады. Онда қызмет көрсетілген күн мен оның түрін көрсету, анықталған зақымдарды егжей-тегжейлі сипаттау және нақты талаптарды жазу қажет. Мәселен, зақымды ақысыз жоюды, көлікті қалпына келтіруге жұмсалатын шығынды өтеуді немесе көрсетілген қызмет құнын тиісінше төмендетуді талап етуге болады.
- Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға сәйкес, орындаушы клиенттің мүлкінің сақталуына жауап береді. Егер мүлікке келтірілген зиян өзіне байланысты емес себептерден болғанын дәлелдей алмаса, жауапкершілік орындаушыға жүктеледі. Осыған байланысты автосервис тұтынушының талабын қарап, заңда белгіленген мерзімде оған жауап беруге міндетті, - дейді Андрей Троеглазов.
Егер автосервис келтірілген залалды ерікті түрде өтеуден бас тартса, тұтынушы құқықтарын қорғауға уәкілетті органдарға немесе сотқа жүгінуге құқылы. Осындай дауларды қарау барысында, әдетте, зақымның қашан және қандай жағдайда пайда болғанын анықтайтын сараптама тағайындалады.
Ал көлікке келтірілген зақым автожуу қызметін көрсету барысында мекеменің кінәсінен болғаны анықталса да ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 35-бабында (қызмет көрсетілген кездегі тұтынушының құқықтары) және Азаматтық кодекстің залалды өтеу туралы нормалары бойынша шағымдана аласыз.
- Ол кезде де тұтынушы әуелі автожуу қызметін көрсету орталығына хат жазып, залалды өтеуді талап ете алады. Сонымен қатар көліктің зақымдалғанын дәлелдейтін фото немесе видеоны қоса бере отырып, уәкілетті органға немесе сотқа шағымдануға құқылы, - дейді ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары.
Түйін
Қорыта айтқанда, көлікті автожууға немесе техникалық қызмет көрсету орталығына тапсырған кезде оның сақталуына жауапкершілік мекеме қызметкерлеріне де жүктеледі.
Сондықтан қызмет көрсету барысында көлікке зақым келсе, тұтынушы өз құқығын қорғауға және келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы. Ең бастысы, зақымның дәлелдерін дер кезінде жинап, талапты жазбаша түрде ұсыну.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда автожуу қызметкері мас күйінде клиенттің көлігін соққаны хабарланған.