Алматыда автожуу қызметкері мас күйінде клиенттің көлігін соқты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда мас күйдегі автожуу қызметкері клиенттің көлігін ұрлап мініп, жол апатына түсті.

Оқиға орнында түсірілген видеолар әлеуметтік желіде тарады.
Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі Kazinform тілшісіне оқиға 16 тамыз күні сағат 23:30 шамасында Медеу ауданында болғанын хабарлады.
35 жастағы ер адам мас күйінде Полевая көшесінде орналасқан жекеменшік үйлердің бірінің қоршауына соғылған.
— Тексеру барысында оның көлік құралын ұрлап кеткендігі белгілі болды. Аталған дерек бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталды, — делінген хабарламада.
Көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
Еске салайық, бұған дейін Павлодарда жол апатынан екі жүргізуші қаза тапқанын және тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған едік.