Әйел көшбасшылардың әлемдік саммиті Астанада өтуі ықтимал

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан тарихта тұңғыш рет бизнес пен мемлекеттік басқару саласындағы әйел көшбасшылардың әлемдегі ең ірі форумдарының бірі — Global Summit of Women жиынын қабылдауы мүмкін. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.

Әйел көшбасшылардың әлемдік саммиті Астанада өтуі ықтимал
Фото: «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ

Ыстамбұлда өткен саммит қорытындысы бойынша халықаралық ұйымдастыру комитеті Астананы келесі шара өтетін орын ретінде қарастыруды ұсынды. Айта кетейік, аталған жиында Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының (ҚІӘҚ) делегациясы ерекше белсенділік танытқан болатын.

Астананың Париж, Лондон, Токио, Сеул және Мадрид сияқты әлемдік мегаполистермен бір қатарда әлеуетті қалалар тізіміне енуіне елорда инфрақұрылымының жоғары дайындығы мен Astana Women Summit 2026 форумының сәтті өтуі негіз болды.

— Ұлттық компания ретіндегі біздің басты міндетіміз — синергиялық тиімділік қалыптастырып, іс-шараға келген әрбір қатысушының елімізде толыққанды турист ретінде уақыт өткізуіне жағдай жасау. Осындай бір ғана демалыс күндерінің өзі қонақүйлерді толтырып, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету саласының жұмысын жандандырады, сәйкесінше қала экономикасына орасан зор табыс әкеледі, — деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов.

Бүгінгі таңда елордада бір уақытта 18 мыңнан астам адамды қабылдай алатын 317 орналастыру орны (қонақүйлер, хостелдер) жұмыс істейді. 2025 жылы олар көрсеткен қызметтердің көлемі 74 млрд теңгеге жетті, бұл алдыңғы кезеңдегі көрсеткіштен (65 млрд теңге) 14%-ға жоғары.

Astana Tourism 2026 жылдың бірінші тоқсанында жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, бір туристің орташа шығыны 309 АҚШ долларына дейін өскен. Бұл елорда қонақтарының туристік белсенділігі мен тұтынушылық шығындарының артқанын айғақтайды.

Еске сала кетейік, өңірлерді ірі халықаралық медиажобалар арқылы кешенді түрде ілгерілету шеңберінде жыл сайынғы іс-шаралардың Оқиғалар күнтізбесін жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта күнтізбеде жоспарланған 55 іс-шараның 16-сы өңірлерде сәтті ұйымдастырылды. Бұл шараларға келген көрермендер мен қонақтардың жалпы саны 150 мыңнан асып жығылды.

Еске сала кетейік, Қазақстан туризмін насихаттауға халықаралық блогерлер тартылды.