Әйелдер мен балалар құқығы, құмар ойынды азайту, вейпке тыйым салу – Биыл Президент 95 заңға қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы биыл 3 979 құжатты қарап, қол қойды. Оның ішінде 95 заң, 319 жарлық, 81 өкім, 28 отырыс хат¬та¬масы, 3 456 қызметтік құжат қабылданды. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетіндегі мақаласында жазды.

Презтдент ойын бизнесі мәселелері туралы заңға қол қойды
Фото: Ақорда

Атырауда өткен Ұлт¬тық құрылтайдың үшінші оты¬¬рысында Президент бес әлеуметтік кеселмен күресті күшейту жөнінде нақты тапсырма берді. 

– Осыған орай, биыл Әйелдердің құқықтары мен бала¬лардың қауіпсіздігі туралы Заңға қол қойылды. Яғни тұрмыстық зор¬лық-зомбылық үшін қатаң жаза белгілейтін, балалар құқығының қорғалуын қамтамасыз ететін жаңа нормалар енгізілді. Бұдан бөлек, Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы арнайы заң қабылданды. Вандализм мен өзгенің мүлкіне зиян келтіргені, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге, құмар ойынға тәуелділікті азайтуға, вейпке тыйым салуға бағытталған заңнамалық өзгерістер жасалды. Аталған бастамаларға қатысты заң жобаларын әзірлеуге Парламент депутаттарымен қатар, Ұлттық құрыл¬тай мүшелері де белсенді атсалысты. Осылайша, Президент үнемі айтатын «Заң мен Тәртіп» үстемдігі қоғамда біртіндеп орнығып келеді, – дейді Президент кеңесшісі. 

Сондай-ақ, Президент тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан елді мекендерде 460 мың оқушыға арналған жаңа 217 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде 36 мектеп пайдалануға берілді. Оның 15-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. 

– Бұл – білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту ісінде қала мен ауылға бірдей көңіл бөлінеді деген сөз. Ал бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсететін 276 нысанның құрылысы аяқталды. Оның 99-ы 2023 жылы, ал 117-і биыл іске қосылды. Келер жылы 125 нысанның құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр, – дейді Б. Уәли. 

Айта кетейік, жыл басынан бері Парламент 104 заң қабылдады.

Соңғы жаңалықтар