Әйелдердің зейнетке шығу жасы 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап кезең-кезеңмен ұлғайтылады - Қ. Келімбетов

Вице-премьердің айтуынша, жобаға сәйкес, еліміздегі әйелдердің зейнетке шығу жасын біріздендіру біртіндеп, 10 жыл бойы жүзеге асырылады. «Жыл сайын зейнетке шығатын жас жарты жылға ұзартылады. Бұдан бөлек, ведомствоаралық комиссия оны көтеруді 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізуді ұсынды. Ондай ұсыныс Үкіметке де енгізілген», - деді ҚР вице-премьері Қайрат Келімбетов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов те зейнетақы жасын арттыруды кезең-кезеңімен жүргізу қажеттігін алға тартады. «Бұл ретте халықаралық тәжірибеге, біздің өзіміздің 1998 жылдан бергі тәжірибемізге сүйену маңызды», - дейді министр.
Тоқтала кететін жайт, көптеген елдерде (Люксембург, Швейцария, Италия, Финляндия, Норвегия және т.б.) зейнеткерлік жас 65-67 жасты құрайды және бұл жұмысшының жынысына байланысты болып табылмайды. Сонымен қатар, халықтың қартаю үдерісін ескере келе және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі орын алған проблемаларға орай, көптеген мемлекеттер, атап айтқанда Ұлыбритания, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Чехия, Әзірбайжан, Украина, Эстония зейнетке шығу жасын ұлғайтуды жоспарлап отыр.