Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі семинар - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Жалағаш ауданында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың түрлері және оларға қарсы күрес» тақырыбында семинар болып өтті.
Шараны облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия, «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігі мен Жалағаш ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия ұйымдастырды.
Семинар барысында отбасындағы тәрбиенің рөлін күшейту, балалар мен жастарды зорлық-зомбылықсыз мінез-құлыққа бейімдеу, оның бүгінгі қоғамымыздағы көрсеткіші жайында кеңінен әңгіме болды. Оның аясында «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбында ақпараттық-танымдық материалдар, «Отбасы неке қатынастарының құқықтық негізі» атты методикалық нұсқау кітапшалары таратылды.
Cеминар жұмысы «Отбасылық зорлық-зомбылық мәселелері» атты қоғамдық тыңдаумен жалғасты.