Әйелін үнемі ұрып келген экс-дипломат Сәкен Мамаш қамауға алынды — полиция
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшінің кеңесшісі болған Сәкен Мамаштың әйелін жүйелі түрде ұрғаны дәлелденді.

Бұл туралы елорданың полиция департаменті хабарлайды.
— Өткен жылы бұрынғы елші кеңесшісіне қатысты жұбайына жүйелі түрде қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция тарапынан жедел-тергеу тобы құрылды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті сараптамалар кешені жүргізілді, — делінген хабарламада.
Ақпаратта айтылғандай, жедел тергеу және сараптама нәтижесінде экс-дипломаттың ісіне қатысты айтарлықтай дәлел жиналған.
— Тергеу нәтижесі бойынша күдікті Сәкен Мамашқа қатысты тергеу соты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады, — дейді елорда полиция департаментінен.
Сотқа дейінгі тергеу мүддесіне байланысты аталған іске қатысты басқа мәліметтер жария етілмей отыр.
Еске сала кетсек, былтыр мамырда Қазақстанның БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі Сәкен Мамаш әйеліне үнемі күш көрсеткені, тіпті жұбайының әпкесіне де қол көтергені туралы хабарлаған едік.
Артынша әйелін ұрды деп айыпталған қазақстандық дипломатқа қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ елші кеңесшісінің әйелі Карина Мамаш дағдарыс орталығына орналастырылды.
Карина Мамаш жеке басына қайта қауіп төнгенін айтты.
Осы жайттан кейін әйелін ұрған экс-дипломатқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды.