Аймақтан әлемге дейін: Астана мен Мәскеу жаһандық логистиканы қалай өзгертпек
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы XXII Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбы қаласына барды. Бұл сапар Қазақстанның сыртқы саясаттағы прагматикалық ұстанымын, өңіраралық байланысын айқындаған мазмұнды қадам болғаны сөзсіз. Түрлі деңгейдегі жиында көлік-логистика, сауда-экономика, цифрландыру бағытындағы біршама жоба бастау алды. Kazinform-ның аналитикалық шолушысы Президент сапарының мән-жайын сараптады.
Омбы: тарих пен таным
Биылғы форумның Омбы өңірінде өтуінің өзіндік маңызы бар. Біріншіден, бұл аймақтың Қазақстанмен сауда-саттығы қарқынды дамып келеді әрі біздегі үш облыспен шектесіп жатыр. Қазақстан Омбы облысының сыртқы сауда айналымының 30%-дан астамын қамтамасыз етеді. Мысалы, биыл қаңтар-сәуір аралығында Омбы облысы мен Қазақстанның тауар айналымы 17 пайызға өсіп, 136 млн долларды құрады. Еліміз Омбыға шамамен 33 млн доллардың тауарын экспорттаса, Омбыдан 103 млн долларлық өнім жеткізілген.
Екіншіден, Омбының көлік-логистика бағытының әлеуеті зор. Қала Ертіс пен Ом өзендерінің тоғысында жатыр. Ал Ертіс өзеніндегі көлік қатынасы мен жүк тасымалын Қытай, Қазақстан, Ресей бірлесіп дамытуға ниетті. Сапар аясында Ертіс өзенінің табанын тереңдету, инфрақұрылымын жақсарту мәселесінің көтерілуі осы тұжырымнан шыққан ой. Сарапшылар ұсыныс қолдау тапса, инфрақұрылым толықтай жаңарып, жүк тасымалы жанданады деп отыр.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысыМарат Рамазановтың айтуынша, Омбы облысы өңірлермен сауданы белсенді жүргізіп келеді.
— Форумның Омбыға қайта оралуы символдық қана емес, тұжырымдамалық сипатқа да ие. Дәл осы жерде 2003 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы заманауи өңіраралық ынтымақтастықтың институционалдық негізі қаланды. Өткен жылдар ішінде бұл формат жоғары саяси деңгейде қабылданатын шешімдерді іс жүзінде жүзеге асыру құралы ретіндегі тиімділігін дәлелдеді, — дейді сарапшы.
Омбымен байланыс тек сауда-экономика шеңберімен шектелмейді. Мұнда екі елдің рухани ынтымақтастығы мен мәдени бауырластығы бекемделе түскен. Сан ғасырлық тарихи байланысты айтпаған күннің өзінде Ұлы отан соғысы жылдарындағы қос халықтың бастан кешкені бір. Осы шаһарда майданда жараланған қаншама қазақ ем алып, туған жерге аман оралды.
Сондықтан Мемлекет басшысы сапарын алдымен Омбы госпиталі ғимаратын аралаудан бастады. Мұнда ҰОС кезінде жауынгерлер емделген, 1945 жылы ауыр жарақаттан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі — жазушы әрі майдангер Кемел Тоқаев та осында ем алды. Президент Омбы госпиталі ғимаратының қасбетіндегі Кемел Тоқаевтың ескерткіш тақтасына гүл шоғын қойып, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етті. Бұл оқиға сапарға гуманитарлық сипат беріп, бүгінгі серіктестіктің тек экономикалық мүддеге емес, ортақ тарихқа бағытталғанын көрсетті.
Саяси ишара Мемлекет басшысының Владимир Путинге тарту еткен сыйынан да көрініс тапты. Президент Ресей басшысына Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевский бейнеленген картинаны сыйға тартты. Екі тұлғаның достығы қазақ-орыс мәдени жақындығының жарқын белгісі ретінде белгілі. Сол себепті сарапшылар сыйлық гуманитарлық байланысты нығайтуға деген ұмтылыс деп топшылауда.
Басым бағыт — көлік-логистика
Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы 2003 жылдан бері өтіп келеді. Бұл жолы форумға қатысқан қазақстандық делегацияның қарасы көп. Мемлекет басшысымен бірге Омбыға орталық мемлекеттік орган басшылары, шекаралас облыстардың барлық әкімі, сондай-ақ бизнес қауымдастық пен салалық компания өкілдері ере барды.
Биылғы басқосу «Жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру: Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиегі» тақырыбына арналып отыр. Бұл кездейсоқ таңдалған бағыт емес. Қазақстан мен Ресейдің арасын әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы — 7,5 мың шақырымнан астам аумақ байланыстырады. Географиялық орналасуы екі елді Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын табиғи көпірге айналдырған. Сондықтан форумда шекара маңындағы сауданы дамыту жайы көп айтылып, президенттерге жаңа жобалар көрсетілді.
Басты жаңалық цифрлық платформа болғаны анық. Қазақстан мен Ресей тауар айналымы мен өнімнің шығарылған жерін растауға мүмкіндік беретін цифрлық таңбалау жүйесін қолданысқа енгізуі мүмкін. Осы мақсатта Smart Cargo бірыңғай цифрлық платформасы мен жасанды интеллект көмегімен көлік ағынына талдау жүргізетін AI Jol цифрлық жобасы таныстырылды. Сонымен қатар кеден бекеттерінжаңғырту, теміржол, авиация, автокөлік инфрақұрылымын дамыту ұсынысын естідік.
— Қазақстанда 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы цифрлық логистика, электрондық құжат айналымы, зияткерлік көлік жүйелері, үлкен деректерді талдау және жасанды интеллект технологиялары салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтеді. Соның нәтижесінде цифрлық трансформация экономикалық бағытын қамтитын негізгі элементке айналуда, — деп қосты Марат Рамазанов.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей Еуразияның заманауи көлік-логистикалық архитектурасын қалыптастыруда жетекші рөл атқаруы керек деген пікір айтты. Президент көлік жүйесінің дамуына қатысты нақты көрсеткіштерді де келтірген. Былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалының көлемі 92 миллион тоннаға жетті. Соңғы бес жылда Қытай — Қазақстан — Ресей — Қытай бағыты бойынша контейнерлік транзит 8 есеге артты. Ал автомобильмен жүк тасымалы өсімі қарқынын сақтап келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, көрсеткіштер екі елдің бірлескен көлік инфрақұрылымының әлеуеті жоғары екенін дәлелдейді әрі Еуразиядағы транзиттік бағыттарды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Саясаттанушы Таисия Мармонтованың пайымдауынша, бүгінде логистика Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының негізгі факторының біріне айналған.
— Көлік дәліздері — өнеркәсіптік кооперацияның, энергетикалық байланыстардың және сауда қатынасының өзегі. Әңгіме дәстүрлі ынтымақтастық бағыттарын алмастыру туралы емес, олардың әрі қарай дамуына негіз болатын инфрақұрылымдық іргетас қалыптастыру жөнінде болып отыр, — дейді сарапшы.
Бұл пікірді саясаттанушы Эдуард Полетаев қолдауда. Оның айтуынша, логистика тақырыбының алдыңғы қатарға шығуы заңды құбылыс, өйткені екі мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиялық мүддесі ортақ.
— Қазақстан үшін логистика — Азия мен Еуропа нарықтарына шығудың, жаһандық жеткізу тізбектеріне қосылудың және инвестиция тартудың маңызды құралы. Ал Ресей үшін сауда бағыттарын қайта бағдарлау мен жаңа көлік дәліздерін дамытудың негізгі тетіктерінің бірі саналады, — дейді спикер.
Жүк тасымалының жаңа кезеңі: жүргізушісіз жүк көліктері шығады
Көлік-логистика саласының цифрлық трансформациясының үздік мысалы — жүргізушісіз жүк тасымалы. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана ғылыми фантастикаға баланған технология бүгінде нақты жобаға айналды. Биыл сәуір айында Қазақстан-Ресей жүргізушісіз көлік жүйелері мен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қазірдің өзінде ұзындығы 2818 шақырым болатын Астана — Петропавл — Мәскеу бағыты бойынша жүргізушісіз жүк көліктерінің пилоттық рейсін іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Бұл жоба Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі алғашқы халықаралық жүргізушісіз көлік дәлізі болмақ.
Бастаманың ерекшелігі тек автономды басқару технологиясында емес. Жоба аясында электрондық құжат айналымын енгізу, мемлекеттік шекарадан автоматтандырылған түрде өту, көлік қозғалысын ЖИ арқылы бақылау және жүк тасымалын реттеудің бірыңғай цифрлық стандарттарын қалыптастыру көзделген.
Егер жоба сәтті жүзеге асса, жүргізушісіз тасымал халықаралық жүк жеткізу жүйесін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Жаңа жоба жүк жеткізу мерзімін қысқарып, логистикалық шығынды азайтуға, шекарадан өту рәсімі мен транзиттік дәліздің бәсекеге қабілеттін жетілдіруге көмек береді.
Саясаттанушы Таир Нығмановтың пікірінше, көлік дәліздерін дамыту кезінде балама бағыттарды ұмытпаған жөн.
— Балама бағыттар неғұрлым көп болса, бизнес үшін соғұрлым тиімді. Бір маршрут арзанырақ болуы мүмкін, енді бірі сенімдірек болады. Ең бастысы — нарық қатысушыларының таңдау мүмкіндігі болуы тиіс, — дейді сарапшы.
Ал саясаттанушы Таисия Мармонтованың сөзінше, Транскаспий халықаралық көлік бағытын, Ресейдің «Солтүстік — Оңтүстік» көлік дәлізін және басқа да халықаралық бағытты бір-біріне бәсекелес жоба ретінде көрмеу қажет. Керісінше, бірыңғай еуразиялық көлік жүйесі ретінде қарастырған дұрыс.
— Көлік бағыттары арасында жоғары бәсеке бар деп айтпас едім. Керісінше, әртүрлі көлік дәліздері бір-бірін толықтырып келеді. Еуразия кеңістігінде бірыңғай көлік тізбегі ретінде жұмыс істейтін көлік желісі қалыптасуда, — деп түсіндірді спикер.
Шекара маңы шет қалмайды
Қазақстан мен Ресей шекарасы маңында шамамен 30 миллион адам тұрады. Бұл аумақта көрші елдердің нарығына бағытталған мыңдаған кәсіпорын жұмыс істейді. Сондықтан форумда шекара маңын жетілдіру жайы қаралды.
Мемлекет басшысы шекара маңындағы өңірлерде «500+» шартты атауымен әуе қатынасын дамытудың бірлескен бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Астана мен Ресейдің Қазақстанмен шекаралас әрі халық саны 500 мыңнан асатын қалалары арасында тікелей әуе рейстерін кезең-кезеңімен ашу көзделіп отыр. Президенттің пікірінше, бастама туризм мен кәсіпкерлік салаларын өркендетуге серпін береді. Себебі Қазақстанға демалуға келетін туристердің саны жағынан Ресей қазір бірінші орында тұр.
— Бүгінде Павлодар мен Новосібірдің, Петропавл мен Омбының, Қостанай мен Челябінің арасындағы нақты әріптестік бар. Дәл осы өңірлік деңгейде тұрғындар мен бизнес арасындағы байланыс орнайды, — дейді Таир Нығманов.
Саясаттанушының пікірінше, бұрын көптеген мәселе тек орталық мемлекеттік органдар арқылы шешілсе, бүгінде облыстар мен аймақтар іскерлік, инвестициялық, экономикалық байланыстарды тікелей дамыту мүмкіндігіне ие.
Ертіс несімен маңызды?
Екі ел Ертіс өзенінің табанын тереңдетіп, инфрақұрылымын жетілдіруді ойға алуда. Саясаттанушы Таисия Мармонтова Ертіс өзені болашақта Еуразиядағы жаңа логистикалық жүйенің маңызды буынына айналады деп болжады.
— Ертістің басты артықшылығы бар. Өзен құрлық және су көлігі бағыттарын өзара байланыстырып, кең ауқымды тасымал жүйесіне шығуға мүмкіндік берді, — дейді сарапшы.
Дегенмен жобаның келешегіне қатысты мамандардың пікірі біркелкі емес. Саясаттанушы Эдуард Полетаев қазіргі экономиканың жүк тасымалына қоятын талап өткен ғасырмен салыстырғанда түбегейлі өзгергенін атап өтті.
— Кеңес дәуірінде Ертіс арқылы жылына 17 миллион тоннаға дейін жүк тасымалданатын. Қазір теміржол мен автомобиль көлігінің мүмкіндігі айтарлықтай артты. Оның үстіне өзеннің таяздануы, кеме қатынасының маусымдық сипаты бұл бағыттың әлеуетін шектейді, — деп болжады ол.
Соған қарамастан, мамандар өзен инфрақұрылымына инвестиция тарту көлік бағытын әртараптандыруға өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға қосымша демеу болатынын жоққа шығармады.
Кәсіпорындар қатары көбейді
Биыл бірінші тоқсанда Ресейден Қазақстанға келген инвестиция көлемі 45 пайызға артты. Алғашқы бес айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 773 миллион долларды құраған-ды. Бүгінде Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен құрылған 20 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар қазақстандық бизнестің Ресейдегі ұстанымы да нығайып келеді. Біздің Ресей экономикасына салған инвестициямыздың жалпы көлемі 9 миллиард долларды еңсерді.
Шын мәнінде, екі елдің экономикалық байланысы Орталық Еуразиядағы ең ірі өнеркәсіптік серіктестіктің бірі саналады. Қостанайда KamLitKZ зауыты, Саран қаласында Tengri Tyres шина өндірісі жұмыс істеп тұр. Оған қоса ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорындар, химия өнеркәсібі мен құрылыс индустриясындағы бірлескен жобалар бар. Сондықтан Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты «сөз жүзінде емес, іс жүзінде стратегиялық сипатқа ие» деп бағалады.
Сарапшылардың пікірінше, дәл осы өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту қос мемлекеттің экономикалық әріптестігінің қозғаушы күшіне айналады.
Саяси ұстаным һәм болашақ бағдар
Жалпы Омбыдағы келіссөз жемісті өтті. Мемлекет көшбасшыларының жүздесуінде геосаяси ахуал, энергетика, білім беру, цифрландыру мәселелері бойынша өткір пікірлер мен ауқымды жобаларды естідік. Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Омбы төрінде қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, ХХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясындағы жан-жақты диалогты жалғастыратынын жеткізді.
— Ресей экономикамызға инвестиция салатын елдердің арасында көш бастап тұр. Инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларға жетті. Бірлескен күш-жігердің арқасында жалпы құны 53 миллиард доллар болатын 177 перспективті өнеркәсіп жобасының тізімі жасақталды. Оның 122-сі іске асырылды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескерсек, бұл — көңіл қуантатын жетістік, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы жобалардың іске асырылу барысына көңілі толатынын аңғартты. «Росатом» бастаған халықаралық консорциумның Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасына ерекше тоқталды.
— Маған Балқаш көлі маңында нысан орнын дайындау жұмыстары аяқталуға жақындағанын баяндады. Бұл жоба Қазақстан аумағында энергияның жаңа түрін өндіруге ғана қатысты емес. Ол сонымен қатар мемлекеттеріміздің, ең бастысы, халықтарымыздың және өскелең ұрпақтың арасында алтын көпір болады. Өйткені біз Ресей көмегімен техникалық кадрларды, кейін атом индустриясы сияқты аса күрделі салада жұмыс істейтін жергілікті қазақ мамандарын даярлағымыз келеді, — Қасым-Жомарт Тоқаев.
Саясаттанушы Таир Нығмановтың пікірінше, алдағы жылдары мұндай жобалардың рөлі арта түспек.
— Әңгіме тек жаңа энергетикалық қуат көздерін іске қосу туралы емес. Мұндай жобалар мыңдаған жаңа жұмыс орнын құрып, отандық шикізат, өнімге сұранысты арттырады және ұзақ мерзімді экономикалық тиімділік береді, — дейді сарапшы.
Сонымен қатар газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасып келеді. Бұл бағытта Ресей — Қазақстан — Өзбекстан газ бағытына ерекше мән берілуде. Сарапшылар жобаны өңірлік энергетикалық интеграцияның ең тиімді бағытының бірі деп бағалады. Демек, құбыр желілері энергия тасымалдау құралы ғана емес, Орталық Азия мемлекеттерінің экономикасын байланыстыратын маңызды логистикалық артерияға айналып келеді.
Айта кетерлігі, Қазақстан мен Ресей халықаралық арена мен өңірлік ұйымдар аясында белсенді кезеңге аяқ басты. Биыл Ресей ҰҚШҰ-ға, ал Қазақстан — ЕАЭО-ға төрағалық етеді. Осы орайда Қазақстан геосаяси оқиғаларға қатысты көзқарасын шегендей түсті. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесуде Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге ұстанымын жеткізген болатын.
— Білуімше, сіз Аляскадағы Анкориджде өткен кездесуде дипломатиялық тұрғыдан барынша икемділік таныттыңыз. Осы орайда өз пікірімді білдіргім келеді. Өйткені маған да өтініштер айтылады. Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, 2.0. Ыстанбұл формуласына оралған дұрыс.Содан кейін алпауыт елдердің, соның ішінде Ресейдің кепілдігі арқылы көптен күткен бейбітшілікке қадам басуға болады, — Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөзде білім беру ісі атаусыз қалмады. Қазақстан Қазақ ұлттық университетінің Омбыдағы филиалын ашу бастамасына жоғары баға берсе, Ресей тарапы мемлекеттік білім грантының тиімділігін атады.
— Қазақстанның мыңдаған азаматы ресейлік жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Омбыда Қазақстанның мемлекеттік университетінің филиалы ашылғанын атап өткім келеді. Ресейлік студенттерге 100 мемлекеттік стипендия ұсынылғаны үшін алғыс айтамыз. Олар ақысыз негізде білім алып жатыр, — деді Ресей басшысы Владимир Путин.
Сонымен, Омбыда ойлы әңгімелер айтылды. Энергетика, көлік-логистика, ғарыш, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды болашағын білдік. Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық жоспары да ел назарында болды. Бастысы, қос елдің экономиканы қолдау шарасы жалғасын таппақ.