Аймақтарда штаттар саны лимиті атқарылатын жұмыс көлеміне сәйкес емес - Қызылорда облысының әкімі

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Аймақтарда штаттар саны лимиті атқарылатын жұмыс көлеміне сәйкес емес. Бұл туралы ҚР Парламенті Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің көшпелі жиынында Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев баяндады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.
None
None

«Үкімет тарапынан жергілікті өзін-өзі басқаруды кезең-кезеңімен енгізу және дамыту бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Дегенмен, аймақтарға белгіленген мемлекеттік қызметкерлердің штаттық саны атқарылатын міндеттер көлемімен және өңірдің халық санына сәйкес келмейді», - деді ол.

Мәселен, халық саны 743 мың құрайтын Қызылорда облысында 1900 штаттық бірлік бөлінсе, 749 мың халқы бар Павлодар облысында штат саны 2800-ден асады. Яғни, 900 бірлікке артық.

Айтпақшы, статистикалық мәліметтерде Қызылорда облысында 743 мың адам деп көрсетілгенімен, медициналық есепте 823 мың адам тұр. Оған қоса, облыс халқының табиғи өсім көрсеткіштері бойынша республикада үздік үштікке кіреді.

Сондай-ақ жиын барысында Қызылорда облысының әкімі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсыныстарын білдірді. Оның пікірінше, ауылдық округтердің әкімдері барлық мемлекеттік құрылым өкілдерінің, яғни учаскелік инспектор, мал дәрігері және т.б. жұмысын үйлестіріп отырулары керек. Бұл туралы аймақ басшысы бұдан бұрын да бірнеше рет айтып өткен болатын. Салалық министрліктер мен комитет өкілдері кейде, мысалы, ҚР ІІМ-не бағынатындарын сылтауратып, әкімшілік билікті мойындағысы келмейтінін атап өтті.

«Дегенмен, ауылдық округтердің әкімдері Президенттің өңірлердегі өкілдері болып табылады, сондықтан олар басты басқарушы тұлға болуы тиіс», - дейді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы ауыл әкімдері мен олардың аппараттарының құқықтық және қаржылық сауатсыздығы әлі де жиі кездесетінін тілге тиек етті.

«Сондықтан жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қаржылық құзыреттілігін тапсыруды 2017 жылға дейін қалдырған жөн», - деді өңір басшысы.

Соңғы жаңалықтар