Айнұр Арғынбекова: Донорлық қан компоненттеріне қажеттілік үнемі артып келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы 5 жылда елімізде донорлық қанды тұтыну 13 пайызға өсті. Бірақ салалық мекеме – Қан қызметінің ғылыми-әдістемелік орталығында жедел шешуді талап ететін бірқатар проблемалар бар. Бұл туралы бүгіне Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған сенатор Айнұр Арғынбекова айтты.

Айнұр Арғынбекова
Фото: Kazinform

Оның атап өтуінше, аталған орталық республиканың қан қызметін дамытуды үйлестірумен қатар, елордадағы барлық медициналық ұйымды донорлық қанмен қамтамасыз етеді. Алуан түрлі және күрделі технология қолданылатын орталық болса да Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының ғимараты ауыр жағдайда тұр.

«15 жыл бұрын пайдалануға берілгеніне қарамастан, құрылыс кезінде жіберілген олқылықтардың салдарынан орталықтың ғимараттары біртіндеп бұзылып барады. Ғимараттың желдету жүйесі дұрыс жобаланбаған және тек 55 пайыз ғана жұмыс істейді. Төбеден су ағады, оның бәрі төбе жабындысының бұзылуына әкеледі және құлап кету қаупін туғызады. Осының бәрі орталықтың қалтқысыз жұмыс істеуіне қатер төндіреді», - деді сенатор.

Депутат Астанада медициналық көмек көрсету көлемін ескере отырып, бұл мәселенің ерекше маңызы бар деп санайды. Сенатор осыған байланысты Премьер-Министр Олжас Бектеновке қазіргі проблемаларға назар аударуды және оларды шешуге жәрдемдесуді сұрады.

«Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. 2020 жылдан бері Орталық күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу үшін Қаржы министрлігіне 5 рет өтінім берсе де ақша бөлінген жоқ. Қазіргі кезде жобалау-сметалық құжаттарға түзету енгізіліп, құны 6,1 миллиард теңге болатын күрделі жөндеу жұмыстарына қорытынды алынды. Медициналық көмек көлемі арта түскен кезде және донор қанының қорын жасап қою еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мәселесі болғандықтан Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін қаржы бөлу мәселесін қолдауды өтінемін», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар