Азаматтық жауапкершілік танытуға шақырамыз - Орталық референдум комиссиясы үндеуі
АСТАНА. KAZINFORM — Орталық референдум комиссиясы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға орай ел тұрғындарына үндеу жасады.
- Сіздің референдумға қатысуға конституциялық құқығыңызды іске асырудың кепілі – сізді республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізу. Тізімдерді жергілікті атқарушы органдар дауыс беру үшін нақты учаскенің аумағында тұрғылықты жеріңіз бойынша тұрақты тіркелуіңіздің негізінде жасайды. Уақытша тіркелген азаматтар берген өтініші негізінде тізімге енгізіледі. Дауыс беруге арналған учаскелер мен олардың шекаралары туралы мәліметтерді тиісті әкімдер 2026 жылғы 21 ақпанға дейін жариялайтын болады. Сіз өзіңіздің учаскеңізді біліп, тізімге енгізілгеніңізді тіркелген жеріңіз бойынша жергілікті атқарушы органға хабарласу арқылы тексере аласыз, - делінген үндеуде.
Сондай-ақ мәлімдемеде тізімде болмаған жағдайда әкімдікке тиісті өтініш беруге әр азамат құқылы екендігіне назар аудартады.
- 2026 жылғы 27 ақпаннан бастап сіздің дауыс беру учаскеңізде сізге республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізімінде өзіңіз туралы деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі. Егер қандай да бір өзгерістер енгізу қажет болса, сіз дереу учаскелік референдум комиссиясына өтінішпен жүгіне аласыз. Сізді азаматтық жауапкершілік танытуға және 2026 жылғы 15 наурызда республикалық рефрендумға қатысу құқығыңызды іске асыруға шақырамыз, - делінген үндеуде.
Бұған дейін референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың жоспары бекітілгенін жазған едік.