Әзербайжан Ақтау маңында ұшақ апатынан қаза тапқандарды аза тұтты

АСТАНА.KAZINFORM - Әзербайжанда Ақтау қаласына жақын жерде 38 адамның өмірін қиған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырауына байланысты ұлттық аза тұту күні жарияланды.

День траура в Азербайджане
Фото: АЗЕРТАДЖ

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің бұйрығына сәйкес бір күн бұрын қаза тапқандар үшін аза тұту жарияланды.

- Әзербайжан Республикасы Конституциясының 109-бабының 32-тармағын басшылыққа ала отырып, ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларының қайғысына ортақтасып, қаулы етемін: Әзербайжан Республикасының аумағында 2024 жылғы 26 желтоқсанда аза тұту жариялансын, - делінген құжатта.

Осыған байланысты республикада театр, концерт және спорт мекемелерінде 26 желтоқсанға жоспарланған барлық мәдени және спорттық шаралар кейінге шегерілді.

Сонымен қатар, елдегі қайғының белгісі ретінде мемлекеттік тулар түсіріліп, теледидардағы ойын-сауық бағдарламалары тоқтатылды, Баку орталығында орнатылған шыршалардың шамдары сөндірілді. Бірақ Әзербайжанның оқу орындарында білім беру әдеттегідей жалғасады.

Бакудегі Қазақстан елшілігінің туы да төмен түсірілді.

Кавказ мұсылмандары басқармасы (ҚМДБ) әуе апатында қаза тапқандарды еске алу үшін ел мешіттерінде намаз оқылатынын хабарлады.

Әзербайжан әуе жолдары (AZAL) Баку-Грозный рейсін орындаған Embraer 190 ұшағының Ақтауда апатқа ұшырау себептерін тергеу аяқталғанша Бакуден Грозный мен Махачкалаға рейстерді тоқтатқанын хабарлады.

Сәрсенбі, желтоқсанның 25-і күні Бакуден Грозныйға бет алған Әзербайжан әуе жолдарының ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Бортта 67 адам болған, оның 29-ы ауруханаға жатқызылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айту жеделхатын жолдады.

Бұған дейін Ресейге ұшып кеткен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ұшақ апатына байланысты Бакуге оралды.

Ол қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты. Әзербайжанның бірінші вице-президенті Мехрибан Әлиева, Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Кадыров, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров та көңіл айтты.

Әзербайжандық журналистер қазақстандық құтқарушыларға Ақтау маңында Әзербайжанның жолаушылар ұшағы апатының салдарын жоюдағы еңбегі үшін алғыс айтты.

Соңғы жаңалықтар