Әзербайжан Ирандағы елшілігінің жұмысын қайта бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы елшілігі 12 сәуірден бастап жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды елдің Сыртқы істер министрлігі.

флаг Азербайджана
Фото: Trend

Ведомство мәліметінше, бастапқы кезеңде елшілік шектеулі құрамда жұмыс істейді. Оның құрамына елші, сондай-ақ бірқатар дипломатиялық және әкімшілік қызметкерлер кіреді.

– Қауіпсіздік мәселелері мен ұйымдастырушылық аспектілерді ескере отырып, елшіліктің қызметі кезең-кезеңімен реттелетін болады, – делінген сыртқы саяси ведомствоның мәлімдемесінде.

Сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктің жұмысын қайта бастау Ирандағы әскери іс-қимылдардың тоқтауы және екі апталық бітім режимінің жариялануынан кейін жүзеге асқаны атап өтілді. Бұл қадам Әзербайжанның көршілес әрі достас Иранмен қарым-қатынасқа ерекше мән беретінін көрсетеді.

Сыртқы істер министрлігі өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды қолдайтынын тағы да мәлімдеді.

Айта кетейік, өңірдегі шиеленіске байланысты Әзербайжан бұған дейін Тегеран мен Тебриз қалаларындағы дипломатиялық өкілдіктер қызметкерлерін эвакуациялау туралы шешім қабылдаған.

Кейін тараптар мемлекеттік шекара арқылы жүк тасымалын қайта жандандырды.

Сондай-ақ Баку Иранға гуманитарлық көмек жолдаған.