Әзербайжан мен Грузия 6 жылдан кейін теміржол қатынасын қайта бастайды

АСТАНА. KAZINFORM - Баку мен Тбилиси арасындағы жолаушылар теміржол қатынасы 26 мамырдан бастап қалпына келеді. Бұл туралы агенттіктің меншікті тілшісі Грузияның бірінші хабар тарату арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Азербайджан и Грузия возобновляют железнодорожное сообщение спустя 6 лет
Фото: abc.az

Теміржол қатынасын қайта ашу туралы шешім Грузияның экономика және тұрақты даму министрі Мариам Квривишвили мен Әзербайжанның цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиев қол қойған екіжақты үйлестіру кеңесінің хаттамасында бекітілді.

Құжатқа сәйкес, Баку-Тбилиси-Карс жобасының жаңа теміржол учаскесі жаңарту жұмыстары аяқталған соң толық іске қосылады. Инфрақұрылым «BTKI Railways» бірлескен кәсіпорнына беріліп, теміржол желісін басқару осы компанияның құзыретінде болады.

Теміржол қатынасын қалпына келтіру шешімі Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзенің Әзербайжанға ресми сапары кезінде қабылданды. Ол сапар БҰҰ қалаларының 13-ші бүкіләлемдік форумына қатысу мақсатында ұйымдастырылды. Екіжақты келісімдер пакетіне қол қою рәсімі 18 мамырда Бакуде өтті. Оған Әзербайжан президенті Ильхам Алиев пен Грузия үкіметінің басшысы қатысты.

Тараптар Оңтүстік Кавказдағы көлік байланыстарын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. Арнайы назар Әзербайжан мен Грузияның аймақтағы негізгі көлік-логистикалық хабтар ретіндегі рөліне аударылды.

Теміржол саласындағы келісімдерден бөлек, екі ел энергетика саласында да үкіметаралық келісімдерге қол қойды. Оған Грузияға табиғи газ, қосымша көлемдегі әзербайжандық газды халықаралық нарықтарға жеткізу, сондай-ақ электр энергиясын жеткізу және оны Грузия арқылы Түркияға тасымалдау кіреді.

Баку мен Тбилиси арасындағы жолаушылар теміржол қатынасының қалпына келуі екі ел арасындағы туристік, іскерлік және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ аймақтың транзиттік тартымдылығын арттыруда маңызды қадам болады деп күтілуде.

Айта кетейік, Азербайджанның құрлықтағы шекаралары 2020 жылдан бері COVID-19 пандемиясына байланысты жабылған еді. Шектеулер әр жарты жыл сайын ұзартылып отырған.

Осыған дейін Әзербайжанның Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымына қосылғаны туралы жаздық.