Әзербайжан мен Қытай Транскаспий бағыты бойынша транзиттік тасымалдауды арттырады

АСТАНА. KAZINFORM – «Әзербайжан темір жолдары» (AZD) ЖАҚ мен Қытай темір жолдары мемлекеттік корпорациясы халықаралық жүк тасымалы және көлік дәліздерін дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі AZD-ға сілтеме жасап.

Әзербайжан мен Қытай Транскаспий бағыты бойынша транзиттік тасымалдауды арттырмақ
Фото: corp.ady.az

Бейжіңде «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ (AZD) төрағасы Ровшан Рустамов «Қытай темір жолдары» мемлекеттік корпорациясының президенті Сунь Сюдомен кездесті. 

Бейжіңде «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ (AZD) төрағасы Ровшан Рустамов «Қытай темір жолдары» мемлекеттік корпорациясының президенті Сунь Сюдомен кездесті. 
Фото: corp.ady.az

Басқосу барысында екі елдің теміржол құрылымдары арасындағы серіктестік транзиттік және мультимодальды тасымалдаудан бастап инфрақұрылымды дамыту мен үдерістерді цифрландыруға дейінгі кең ауқымды қамтитыны баса айтылды. Транскаспий халықаралық көлік бағытына (Орта дәліз) ерекше назар аударылды. 

2024 жылы Әзербайжан мен Қытай арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалдау көлемі 47 пайызға артып, 612 мың тоннаға жеткені атап өтілді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қытайдан 199 контейнерлік блоктық пойыздар қабылданса, жыл соңына дейін 400-ден астамы күтіліп отыр. 

меморандум
Фото: corp.ady.az

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар AZD мен Қытай темір жолдары арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат транзитті дамытуды, процестерді цифрландыруды және Қытай тарапының бірлескен мультимодальды жобаларға қатысуын, оның ішінде Middle Corridor Multimodal Ltd компаниясын қарастырады. 

Сапар барысында Ровшан Рустамов «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновпен де кездесті. Қытай-Еуропа бағыты бойынша үйлестіруді кеңейту талқыланды. 

Бұған дейін Kazinform Шаньси провинциясынан транскаспий бағыты бойынша жүк пойызы алғаш рет жолға шыққанын жазған едік. Ол Қазақстан арқылы өтеді. 

Соңғы жаңалықтар