Әзербайжан өкілдері ұшақ апатын тергеу үшін Қазақстанға аттанды
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Ильхам Әлиевтің тапсырмасы бойынша оқиғаның мән-жайын тергеу үшін мемлекеттік органдардың өкілдері Қазақстанға аттанды, деп хабарлайды Kazinform.

- Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің тапсырмасы бойынша Цифрлық даму және Көлік министрі, Төтенше жағдайлар министрі, Бас Прокурордың орынбасары, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, Мемлекеттік азаматтық авиация агенттігі директорының орынбасары, AZAL вице-президенті мен басқа да тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері оқиға орнында тергеу жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстанның Ақтау қаласына аттанды, - деп жазды Azertag.
Еске сала кетсек, Баку- Грозный J2-8243 нөмірлі рейсін орындаған Embraer 190 ұшағы Ақтау қаласынан 3 шақырым жерде апатты жағдайда қонды.
Оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жеке құрамының 52 адамы мен 11 бірлік техникасы барды.
Апатқа ұшыраған ұшақ бортында Қазақстанның 6 азаматы болды.
ҚР Көлік министрлігі мәлім еткендей, Әзербайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша, бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.
ҚР Президентінің тапсырмасымен Мемлекеттік комиссия құрылды.