Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әзербайжан Президенті Қазақстанның екіжақты жобалардағы стратегиялық рөлін атап өтті

АСТАНА. KAZINFORM — III Шуша жаһандық медиафорумында сөйлеген сөзінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын және азат етілген аумақтарды қалпына келтіруден бастап ірі көлік, энергетика және цифрлық жобаларды жүзеге асыруға дейінгі көптеген бағытты қамтитынын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Әзербайжан
Фото: Ақорда

Ильхам Әлиев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақ халқына Қарабақты қалпына келтіруге көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты.

— Қарабақты қалпына келтіруге көрсеткен көмегі үшін Қазақстан Президентіне алғысымызды білдіреміз. Қазақстан Физули қаласында қазақ халқының көрнекті перзенті Құрманғазының есімі берілген Балалар шығармашылық орталығын салып берді. Біз оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге аштық. Азат етілген аумақтарды қалпына келтіруге қолдау көрсеткен бауырлас қазақ халқына ризашылығымызды білдіреміз, — деді Ильхам Әлиев.

Әзербайжан Президенті екі ел басшылары арасындағы сенімді жеке қарым-қатынас екіжақты ынтымақтастық пен өңірлік өзара іс-қимылды нығайтудың маңызды факторы екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Қазақстан мен Әзербайжан ірі көлік жобаларын жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады.

— Біздің елдер арасындағы белсенді ынтымақтастықсыз Каспий өңіріндегі кез келген ірі көлік жобасын жүзеге асыру мүмкін болмас еді, — деді Ильхам Әлиев.

Президент Қазақстанның порттары мен логистикалық инфрақұрылымды белсенді түрде жаңғыртып жатқанын айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арасындағы төртжақты ынтымақтастық форматының табысты жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Оның аясында тарифтік саясатты үйлестіру, цифрландыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және жүк тасымалының тиімділігін арттыру мәселелері қарастырылып келеді.

Ильхам Әлиев 2024 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан басшылары Каспий теңізінің табаны арқылы энергетикалық дәліз салу туралы келісімге қол қойғанын еске салды. Сонымен қатар Каспий теңізінің түбімен Қазақстан мен Әзербайжанды жалғайтын талшықты-оптикалық кабель тарту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба өңірдің цифрлық инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналмақ.

Әзербайжан Президенті қазіргі уақытта Қазақстан мұнайының Әзербайжан аумағы арқылы тасымалдалып жатқанын айтып, бұл екі елдің энергетика және көлік салаларындағы ынтымақтастығының жоғары деңгейін көрсететінін атап өтті.

Жуырда Қазақстанға жасаған сапары туралы айта келе, Ильхам Әлиев Түркістан қаласының тарихи келбеті мен қазақстандықтардың мәдени мұраға деген ұқыпты көзқарасына ерекше тәнті болғанын жеткізді.

— Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың дамып келе жатқанына шын жүректен қуаныштымын. Бауырлас Қазақстанға жаңа табыстар мен өркендеу тілеймін, — деді Әзербайжан Президенті III Шуша жаһандық медиафорумында.

Бұған дейін Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы әуе қатынасы кеңейіп, алдағы уақытта Ақтөбе мен Атыраудан Бакуге жаңа тұрақты рейстер ашылатынын жазған едік.