Ильхам Әлиев Қазақстандағы Құрылтай сайлауына қатысты құттықтауын жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты және Қазақстан халқын Құрылтайдың алғашқы сайлауының сәтті өтуімен құттықтады.
— Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі жаңа тарихи кезеңнің басталуын білдіретін бұл маңызды оқиға еліңіздің жан-жақты дамуына, Сіз жүзеге асырып жатқан ауқымды реформалардың жалғасуына және алдағы міндеттердің орындалуына қызмет ететініне сенімдімін. Құрылтай жұмысына табыс тілеймін, — деді Ильхам Әлиев.
Президент ортақ тамыр, ұлттық-рухани құндылықтар және бауырластық байланыстар біріктіретін Қазақстанмен қарым-қатынасты дамыту Әзербайжан үшін айрықша маңызға ие екенін айтты.
— Сізбен жүргізілген белсенді әрі нәтижелі саяси диалог Әзербайжан-Қазақстан стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға және оны жаңа мазмұнмен толықтыруға серпін берді. Мықты іргетасқа негізделген Әзербайжан-Қазақстан достық қарым-қатынасы мен стратегиялық серіктестігі бірлескен күш-жігеріміздің арқасында халықтарымыздың игілігі үшін одан әрі өркендеп, тереңдей беретініне сенемін. Сізге зор денсаулық, бақыт және жоғары мемлекеттік қызметіңізде жаңа жетістіктер, ал бауырлас Қазақстан халқына тұрақты бейбітшілік, амандық пен өркендеу тілеймін, — деп құттықтауын жеткізді ол.
Бұдан бұрын Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтаған еді.