Әзербайжан Жапонияға алғашқы мұнай тиеген танкерін жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл Иран төңірегіндегі жағдай ушығып кеткеннен бері Әзербайжаннан мұнай тиелген танкердің Жапонияға алғаш рет келуі, деп хабарлайды Жапонияның қоғамдық теледидары.
Жүкті елдегі ең ірі жанармай құю станциялары желісінің ірі операторларының бірі жапондық ENEOS Holdings компаниясы сатып алды.
Жапондық БАҚ мәліметінше, кеме шамамен 45 мың килолитр мұнай жеткізген, бұл Жапонияның күнделікті тұтыну көлемінің 16%-ына тең. Бұл жеткізілім Ормуз бұғазында кеме қатынасына төніп тұрған қауіп-қатерлерге байланысты энергиямен жабдықтауды әртараптандыру саясатының бөлігі аясында іске асырылып отыр.
Жапон билігі бұған дейін елде жеткілікті мұнайдың стратегиялық қоры мен балама жеткізу жолдары бар екенін мәлімдеген болатын. Атап айтқанда, Токио Парсы шығанағы елдерінен импортты кеңейтуді және АҚШ-тан сатып алуды арттыру мүмкіндігін қарастырып отыр.
Бұдан басқа, наурыз айынан бастап Жапония өзінің мемлекеттік қорынан мұнай сата бастады. Ішкі нарыққа елдің 45 күндік қажеттілігін жабуға жеткілікті көлем жіберілді. Ішкі отын нарығын тұрақтандыру үшін мұнай көтерме саудагерлерге ағымдағы нарықтық деңгейген төмен бағамен сатылып отыр.
Жапондық Taiyo Oil компаниясы да бір жылға жуық уақыт ішінде алғашқы ресейлік мұнай партиясын сатып алды. Сахалиннен мұнай тиеген танкер Жапонияға мамыр айының басында келді.
Бұған дейін Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай саудасының шамамен 20%-ы өтетінін жаздық.
Сондай-ақ Жапония Ормуз бұғазына қатысты жағдайға байланысты мұнай қорын пайдаланбақ екені хабарланды.
Ал Оңтүстік Корея Қазақстаннан 18 млн баррель мұнай сатып алмақ.