Әзербайжанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынды

АСТАНА. KAZINFORM - Әзербайжанда балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа заң қабылданды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі ara.az порталына сілтеме жасап хабарлады.

Әзербайжанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынды
Фото: Freepik

Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисі мақұлдаған өзгерістерге сәйкес, 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде аккаунт ашуға тыйым салынады.

Заң ресми жарияланған күннен бастап 12 ай өткен соң күшіне енеді.

Құжатқа сәйкес, пайдаланушылар әлеуметтік желіге тіркелген кезде міндетті түрде жасын растауы тиіс. Платформалар мұны телефон нөмірі, электрондық пошта немесе банк деректері сияқты электрондық сәйкестендіру құралдары арқылы тексереді.

Ал 16 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер әлеуметтік желіге тек ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен тіркеле алады. Сонымен қатар ата-аналарға баланың платформаны пайдалануын, интернетте өткізетін уақытын және қауіпсіздік баптауларын бақылауға мүмкіндік беретін құралдар ұсынылады.

Заңда кәмелетке толмағандардың жеке деректерін қорғауға ерекше талап қойылған. Жиналған ақпарат коммерциялық мақсатта пайдаланылмайды, үшінші тұлғаларға берілмейді және тексеру аяқталғаннан кейін бірден жойылуы тиіс.

Заң талаптарын бұзғандарға ірі көлемде айыппұл салынады. Лауазымды тұлғалар үшін айыппұл мөлшері 3,5 мыңнан 5,9 мың АҚШ долларына дейін, ал заңды тұлғалар үшін 8,8 мыңнан 29,4 мың АҚШ долларына дейін белгіленген.

Егер талаптар жүйелі түрде бұзылса, әлеуметтік платформаларға қатысты интернет-трафикті шектеу сияқты қосымша шаралар қолданылуы мүмкін.

Ал ірі провайдерлерге салынатын қосымша айыппұл көлемі 59 мыңнан 176 мың АҚШ долларына дейін жетеді.

Осыған дейін Әзербайжан мектептерінде сабақ кезінде телефон пайдалануға тыйым салынатыны туралы жаздық.