Әзербайжанда соғыс ардагерлеріне қандай қаржылай көмек берілді
АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне біржолғы көмек төлеу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Әзербайжанда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен тыл еңбеккерлеріне біржолғы материалдық көмек төленді. Бұл туралы елдің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, Ильхам Әлиевтің 2026 жылғы 24 сәуірдегі өкіміне сәйкес, фашизмді жеңудің 81 жылдығына орай 1941–1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әрбір ардагерге 2750 манат (шамамен 750 мың теңге) көлемінде біржолғы материалдық көмек берілген.
Сонымен қатар, 1500 манат (шамамен 410 мың теңге) көлеміндегі төлем соғыста қаза тапқан немесе кейін қайтыс болған майдангерлердің жесірлеріне, тылда жанқиярлық еңбек еткені үшін орден-медальдармен марапатталған азаматтарға, армия мен флот тапсырмаларын орындаған арнайы жасақ қызметкерлеріне, сондай-ақ Ленинград қоршауы кезінде қаланы қорғағаны үшін марапатталған және қоршау қатысушыларына берілді.
Министрліктің мәліметінше, бұл әлеуметтік қолдау шарасы шамамен 2 мың адамды қамтыды. Олардың ішінде Екінші дүниежүзілік соғыстың 13 қатысушысы бар. Қаражат алушылардың банк шоттарына аударылған.
Бұдан бұрын Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстан қандай үлес қосқанын жазған болатынбыз.