Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әзербайжанда Toplum TV журналистері 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан соты тәуелсіз Toplum TV басылымының тоғыз журналисіне үкім шығарды. Елдегі жемқорлық туралы зерттеулерімен танылған басылымның екі негізін қалаушысы 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BBC.

Әзербайжанда Toplum TV журналистері 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды
Фото: Toplum TV/EFJ

Сот шешімімен Toplum TV негізін қалаушылардың бірі Акиф Гурбанов пен Руслан Иззетли 15 жылға сотталды. Бейнематериалдар редакторы Мушфиг Джаббаров пен жоба үйлестірушілері Илькин Амрахов және Рамиль Бабаев 13 жылдан, журналистерді даярлаумен айналысқан Али Зейналов пен Toplum TV негізін қалаушы Алескер Мамедли 14 жылдан, тілші Фарид Исмаилов пен SMM-менеджер Эльмир Аббасов 12 жылдан бас бостандығынан айырылды.

Мамедлидің елдегі бұқаралық ақпарат құралдары саласының белгілі заңгері екені және қазіргі уақытта ауыр дертке шалдыққаны айтылды.

Toplum TV Әзербайжан министрліктеріндегі, шенеуніктер мен олардың отбасы мүшелері арасындағы жемқорлыққа қатысты зерттеу материалдарымен танымал. Басылым сондай-ақ ел экономикасының нақты жағдайы, цензура және әлеуметтік мәселелер туралы тұрақты жариялап келеді.

Басылымның жеке сайты мен YouTube арнасы жұмыс істейді. Қазір арнаның 100 мыңға жуық жазылушысы бар. Редакция құрамы өзгергенімен, Toplum TV қызметін жалғастырып жатыр.

2024 жылғы наурызда Әзербайжан полициясы басылымның кеңсесінде тінту жүргізіп, оны мөрлеп жапқан және редакция қызметкерлерінің басым бөлігін қамауға алған.

Екі жыл бұрын қабылданған бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң Әзербайжанда баспасөздің шетелден қаржыландырылуына толық тыйым салды. Соның негізінде Toplum TV қызметкерлеріне, сондай-ақ басқа да тәуелсіз БАҚ өкілдеріне ақша контрабандасы бойынша айып тағылды. Кейін бұл айыптарға заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, ақшаны жылыстату, салық төлеуден жалтару және құжаттарды қолдан жасау баптары қосылды.

Еуропа кеңесі Парламенттік ассамблеясы қабылдаған қарарда Toplum TV журналистеріне қатысты қудалау «Әзербайжандағы сыншыл пікірлердің үнін өшіру» деп бағаланған.

Айта кетейік, бұған дейіун Ұлыбританияда жұмысқа орналастырамын деп 10 адамды алдаған астаналыққа үкім шықты.