Әзербайжанда заңсыз құмар ойын бизнесіне жауапкершілікті күшейту жоспарланып отыр

АСТАНА. KAZINFORM - Әзербайжанда заңсыз құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту ұсынылды. Тиісті өзгерістер Қылмыстық кодекске енгізілетін түзетулер жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі.

Ужесточить ответственность за незаконный игорный бизнес планируют в Азербайджане
Фото: gamblingnerd.com

Құжатқа сәйкес, құқықбұзушылықты қайталап жасау, кәмелетке толмағандарды құмар ойындарға тарту, сондай-ақ заңсыз қызметтен елеулі, ірі немесе аса ірі көлемде табыс табу жағдайларында қатаң жаза қолданылады.

Түзетулерде заманауи цифрлық технологияларды, соның ішінде интернет желісін, ұялы байланысты, әлеуметтік желі платформаларын, электрондық байланыс құралдарын және мобильді қосымшаларды пайдалану арқылы құмар ойындарын ұйымдастырғаны үшін жауапкершілікті күшейту көзделген.

Бұдан бөлек, алдын ала сөз байласқан адамдар тобының қылмыс жасауы, кәмелетке толмағандарды құмар ойындарға қатыстыруы және заңсыз әрекеттен елеулі табыс табуы жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар ретінде қарастырылады.

Мұндай жағдайларда кінәлілерге қылмыс нәтижесінде алынған табыстың екі есесіне дейін айыппұл салу, не екі жылдан төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық жасаған қылмыстар, сондай-ақ ірі көлемде табыс табу жағдайларында бұдан да қатаң жаза қарастырылған. Мұндай жағдайда үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру ұсынылады.

Негізгі жаңашылдықтардың бірі — айыппұл белгілеу тәртібінің өзгеруі. Қолданыстағы заңнамада айыппұл мөлшері 6 мыңнан 9 мың АҚШ долларына дейін белгіленсе, түзетулер қабылданғаннан кейін оның көлемі заңсыз жолмен алынған табысқа тікелей байланысты болады және заңсыз табыстың екі есесіне дейін жетуі мүмкін.

Сондай-ақ заң жобасында құмар ойындарын өткізу орындарын қайтадан ұйымдастырғаны немесе ұстағаны, кәмелетке толмағандарды оған тартқаны және елеулі, ірі немесе аса ірі табыс тапқаны үшін жауапкершілікті күшейту қарастырылған.

Күтіліп отырған өзгерістер заңсыз ойын бизнесімен күрестің тиімділігін арттырып, кәмелетке толмағандарды қорғауға және цифрлық платформаларды заңсыз мақсатта пайдаланудың жолын кесуге ықпал етеді.

Айта кетейік, осыған дейін елдегі ұялы байланыс операторлары заңсыз ойын бизнесіндегі қаржы ағындарын бақылауға алған болатын.