Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әзербайжанда жасанды интеллектінің өңірлік орталығы құрылады

АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжанда Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдеріне бағытталған жасанды интеллект саласындағы өңірлік озық тәжірибе орталығы құрылады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі хабарлайды. 

Әзербайжанда жасанды интеллекттің өңірлік орталығы құрылады
Фото: fintech-retail

Тиісті меморандумға Әзербайжанның Инновациялар және цифрлық даму агенттігі (İRİA) мен халықаралық Polygraf AI стартапы қол қойды.

Ынтымақтастық аясында Бакуде жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу және енгізу платформасы құрылып, технологиялар, инженерия және киберқауіпсіздік салаларында жергілікті мамандар командасы жасақталады.

Тараптар жасанды интеллект, машиналық оқыту, деректерді қорғау және киберқауіпсіздік бағытындағы кадрлық әлеуетті дамытуды көздеп отыр. Технопарктер мен жоғары оқу орындарының қатысуымен білім беру бағдарламалары, тағылымдамалар және тәжірибе алмасу бастамалары ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, жасанды интеллект қауіпсіздігі, дербес деректерді қорғау, жалған және синтетикалық контентті анықтау бағытында бірлескен жобалар жүзеге асырылады. Әзербайжанда мемлекеттік және жеке секторға арналған пилоттық технологиялық жобалар мен қолданбалы зерттеулер де іске қосылады.

Ынтымақтастық Әзербайжанның 2025–2028 жылдарға арналған жасанды интеллект стратегиясына және 2026–2028 жылдарға арналған цифрлық дамуды жеделдету жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

Сондай-ақ тараптар әзербайжандық цифрлық шешімдерді халықаралық нарықтарға, оның ішінде Африка елдерінің нарығына шығаруға ықпал етуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін Бакуде өткен Түркі әлемінің халықаралық инженерлік саммитінде ортақ технологиялық белдеу құру бастамасы көтерілген болатын.