Әзербайжандық жазушы Акрам Айлисли Еуропадағы беделді әдеби сыйлыққа ие болды
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжандық жазушы Акрам Айлисли Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) 2026 жылғы әдеби сыйлығын иеленді, деп хабарлайды BBC.
Жазушы марапатқа кеңес дәуірінде жазылған, бірақ ағылшын тілінде алғаш рет жарық көрген «Адамдар мен ағаштар» трилогиясы үшін ие болды.
Байқау финалында қаламгермен бірге польшалық фантаст-жазушы Яцек Дукайдың «Мұз» романы және мысырлық жазушы Шади Льюистің «Гринвич сызығында» атты шығармасы бақ сынады.
Қазылар алқасы шығарманың баяндау стилі мен кейіпкерлердің шынайы бейнеленуін жоғары бағалады. Алқаны басқарған британдық жазушы әрі әдебиет сыншысы Майя Ягги ағылшын тіліне аударманы да ерекше атап өтті.
«Адамдар мен ағаштар“ Акрам Айлислидің ертеректе жазылған шығармаларының бірі болғанымен, онда оның кейінгі шығармашылығына тән барлық ерекшелік бар. Проза айқын, әсерлі әрі оқырманға үміт сыйлайды», – деді шығарманың аудармашысы Кэтрин Янг.
Акрам Айлисли тәуелсіз Әзербайжан кезеңінде «Тас түстер» («Каменные сны») повесі жарияланғаннан кейін үлкен сынға ұшырады. Армяндар мен әзербайжандар арасындағы күрделі қарым-қатынасты қозғаған шығарма қоғамда қызу пікірталас туғызды. Осыдан кейін жазушы мемлекеттік наградаларынан, өмір бойғы президенттік стипендиясынан айырылып, оған қарсы қылмыстық іс қозғалған.
Қазіргі таңда 88 жастағы жазушы Бакуде тұрады. BBC мәліметінше, ол іс жүзінде үйқамақ жағдайында өмір сүріп жатыр.
Айта кетейік, Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қала хикаялары» атты жаңа республикалық әдеби байқауды жариялады.